
Бүгін аудандық Қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті. Аталған жиынға аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы, Қоғамдық кеңес мүшелері, аудандық мәслихат төрағасы Уалихан Жамалханұлы, аудан әкімінің орынбасарлары, дербес бөлім басшылары және ауылдық округ әкімдері қатысты.
Кеңес отырысының негізгі мақсаты — аудан әкімінің 2025 жылы атқарған жұмыстары туралы есебін тыңдау болды. Өз баяндамасында аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуындағы негізгі көрсеткіштерге тоқталып, инфрақұрылым, тұрғын үй, ауыл шаруашылығы, әлеуметтік сала және кәсіпкерлікті қолдау бағыттарында іске асырылған жұмыстарды жан-жақты баяндады. Сонымен қатар алдағы кезеңге арналған басым бағыттар мен нақты жоспарларымен бөлісті.
Жиын барысында Қоғамдық кеңес мүшелері тарапынан ауданның дамуына қатысты өзекті мәселелер көтеріліп, бірқатар ұсыныстар айтылды. Аудан әкімі көтерілген сұрақтардың әрқайсысына сыпайы әрі нақты жауап беріп, ұсыныс-пікірлер алдағы жұмыс барысында ескерілетінін атап өтті.
Күн тәртібіне сәйкес аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Б. Сыздық 2025 жылы салада атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы баяндама жасады. Баяндама аясында егіс алқаптарын ұлғайту, өнімділікті арттыру және мемлекеттік қолдау шаралары жөнінде кеңінен ақпарат берілді.
Сонымен қатар ҚазСуШар мекемесінің Отырар ауданы бойынша филиалы басшысының міндетін атқарушы Б. Жанатаев көктемгі егіс науқанына дайындық жұмыстары жөнінде баяндап, суармалы жерлерді сумен қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан шараларды таныстырды.
Жиын қорытындысы бойынша көтерілген мәселелер мен ұсыныстар хаттамаға енгізіліп, тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктелді. Аудан басшылығы Қоғамдық кеңеспен өзара ашық әрі сындарлы диалогты жалғастыратынын жеткізді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-otyrar-timur/press/news/details/1165914?lang=kk

Жауап қалдыру