
Бүгін аудандық мәдениет сарайының кіші мәжіліс залында сегізінші сайланған Отырар аудандық мәслихатының кезекті отыз үшінші сессиясы өтті. Маңызды жиынды мәслихат төрағасы Уалихан Ұзақов ашып, жүргізіп отырды.
Сессия отырысына Қайрат Жолдыбайұлы, аудандық мәслихат депутаттары, аудан әкімінің орынбасарлары, дербес бөлімдер мен мекемелердің басшылары, ауыл округтерінің әкімдері қатысты. Сессия жұмысы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты өзекті мәселелерді талқылауға арналды.
Жиынның күн тәртібіне барлығы жеті мәселе енгізілді. Алдымен Отырар ауданы әкімінің өзіне жүктелген функциялары мен міндеттерінің орындалуы туралы есебі тыңдалды. Баяндамада ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы, инфрақұрылымды жақсарту, ауыл шаруашылығы мен әлеуметтік салаларда атқарылған жұмыстар қамтылды.
Сонымен қатар мәслихат төрағасының 2025 жылы атқарған жұмыстарының қорытынды есебі ұсынылды. Есепте депутаттық корпустың аудан тұрғындарының мүддесін қорғаудағы қызметі, қабылданған шешімдердің орындалу барысы және алдағы кезеңге арналған міндеттер атап өтілді.
Сессия барысында аудандық орталық аурухана басшысы Бауыржан Әбдімәліктің денсаулық сақтау саласында атқарылған жұмыстар туралы есебі қаралды. Онда медициналық қызмет көрсетудің сапасын арттыру, кадр тапшылығын шешу, материалдық-техникалық базаны нығайту бағытында жүргізілген жұмыстарға талдау жасалды. Депутаттар тарапынан бірқатар сұрақтар қойылып, тиісті жауаптар берілді.
Сондай-ақ «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Отырар аудандық бөлімшесі басшысының міндетін атқарушы Бекзат Жанатаев егістік алқаптарын ағын сумен қамтамасыз ету жай-күйі жөнінде хабарлама жасап, су тапшылығын азайту және суару жүйелерін тиімді пайдалану мәселелеріне тоқталды.
Бұдан бөлек, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Батырбек Сыздықтың 2025 жылы атқарылған жұмыстар туралы есебі тыңдалып, саланы дамыту бағытындағы жоспарлар айтылды. Сонымен бірге «Отырар ауданында бөлшек салықтың арнаулы салық режимін қолдану кезінде салық мөлшерлемесінің мөлшерін төмендету туралы» 2024 жылғы 29 наурыздағы №13/71-VII шешімінің күші жойылды деп тану мәселесі талқыланды.
Күн тәртібіндегі соңғы мәселе 2026 жылы ауылдық елді мекендерге жұмыс істеуге және тұруға келген денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен салаларының мамандарына, сондай-ақ ауылдар, кенттер және ауылдық округтер әкімдері аппараттарының мемлекеттік қызметшілеріне көтерме жәрдемақы беру және тұрғын үй сатып алу немесе салу үшін бюджеттік кредит ұсынуға қатысты болды. Бұл бастама ауылға кадр тартуға бағытталған маңызды әлеуметтік қолдау тетігі ретінде бағаланды.
Талқылау барысында сала басшылары баяндама жасап, депутаттар тарапынан қойылған сауалдарға нақты жауап берді. Әрбір мәселе жан-жақты қаралып, тиісті шешімдер қабылданды.
Сессия қорытындысында аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы ауданды дамытуға бағытталған бағдарламаларды қабылдау мен бекітудегі депутаттық корпустың маңызды рөлін атап өтіп, бірлескен жұмыстың нәтижесінде алдағы уақытта да ауданның әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері жақсара түсетініне сенім білдірді. Сондай-ақ депутаттық корпустың алдағы қызметіне сәттілік тіледі.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-otyrar-timur/press/news/details/1165918?lang=kk

Жауап қалдыру