
2026 жылғы 13 ақпанда Еңбекшіқазақ ауданының полициясына 31 жастағы азаматша арызбен жүгінді. Оның айтуынша, 2025 жылдың күзінен бастап бір ер адам оның еркіне қарсы жүйелі түрде қудалап, бірнеше рет қоңырау шалып, хабарламалар жіберген, кездесуге тырысқан әрі қорқыту сипатындағы сөздер айтқан.
Аталған факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 115-1-бабы — «Сталкинг» бойынша материалдар тіркелді.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Алматы облысы Полиция департаментінің қызметкерлері 35 жастағы күдіктіні анықтап, ұстады. Ол өз кінәсін толық мойындады.
Тергеу бөлімшесінің үйлесімді әрі кәсіби жұмысының нәтижесінде қылмыстық іс қысқа мерзімде — 2 сағат 35 минут ішінде аяқталып, сотқа жолданды.
Сот талқылауының қорытындысы бойынша күдікті кінәлі деп танылып, 60 сағат қоғамдық жұмысқа тарту жазасына кесілді.
Аталған нәтиже «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асырудың тиімділігін, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, олардың құқықтарын қорғауға және құқық бұзушылық үшін жазаның бұлтартпауына бағытталған жұмыстың нақты көрінісі болып табылады.
Сонымен қатар, Еңбекшіқазақ ауданының тергеу бөлімі өткен жылдың қорытындысы бойынша негізгі қызметтік көрсеткіштер бойынша үздік деп танылды.
Ішкі істер органдары азаматтарға қатысты кез келген қудалау, психологиялық қысым көрсету және қорқыту әрекеттері заңға қайшы екенін және заңда белгіленген жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертеді. Полицейлер тұрғындарды құқықтары бұзылған немесе қауіп төнген жағдайда дер кезінде көмекке жүгінуге шақырады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-alm/press/news/details/1166170?lang=kk

Жауап қалдыру