ЕСЕП МИНУТТАРҒА ЖҮРГЕН СӘТ: АЛМАТЫДА ЖҮРЕКТІҢ АУЫР АҚАУЫ БАР ЖҮКТІ ӘЙЕЛ ҚҰТҚАРЫЛДЫ

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Алматы қалалық кардиология орталығында дәрігерлер нағыз медициналық ерлік жасады — 37 жастағы жүкті әйел мен оның сәбиінің өмірін сақтап қалды. Шұғыл түрде жасалған аса күрделі симультантты операция ана мен баланың жалғыз үміті болды.

Пациент жүктіліктің 30-аптасында өте ауыр жағдайда жеткізілді. Дәрігерлер оған аортаның түбірінен құрсақ бөлігіне дейінгі аралықта орналасқан ажырайтын аневризма диагнозын қойды — бұл санаулы минуттардың ішінде өлімге әкелуі мүмкін аса қауіпті жағдай. Ахуалды туа біткен жүрек ақауы — қосжармалы аорталық қақпақшаның критикалық стенозы одан әрі күрделендірді. Бұған дейін әйел Қытайда тұрып, сол жақта мамандардың бақылауында болған. Алайда жағдайының күрт нашарлауына байланысты Қазақстанда шұғыл медициналық көмек қажет болды. Қазіргі уақытта пациент Алматы қаласында тұрады, қандас болып табылады.
Екі бірдей өмірге төнген қауіпке байланысты емдеу тактикасы мультидисциплинарлық менеджмент қағидаттарына негізделіп құрылды. Науқасты құтқаруға кардиохирургтер, акушер-гинекологтар, реаниматологтар, неонатологтар және бейінді мамандар жұмылдырылды.
Операцияны №2 Қалалық перинаталдық орталықтың акушер-гинекологтарымен бірлесіп Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының Ана мен бала денсаулығын қорғау бөлімінің басшысы Жадыра Ахметова жүргізді.
Бірінші кезеңде дәрігерлер шұғыл кесарь тілігін жасады. Салмағы небәрі 1450 грамм болатын қыз бала дүниеге келді. Босандырудан кейін мамандар ана өмірін сақтап қалудың екінші, одан да күрделі кезеңіне — ашық жүрекке жасалатын операцияға кірісті.
Қалалық кардиология орталықтың директоры Ермагамбет Қуатбаевтың жетекшілігімен кардиохирургтер Bentall–De Bono әдісі бойынша механикалық протез имплантациясымен жоғары технологиялық операция жасады. Бұл күрделі араласу аортаның жарылу қаупін жойып, пациенттің жағдайын тұрақтандыруға мүмкіндік берді.
Дәрігерлердің жоғары кәсібилігі, жеделдігі және үйлесімді жұмысының арқасында ана мен баланың өмірі сақталды.

Қазіргі таңда әйел Қалалық кардиология орталықта ем қабылдауда, жағдайы тұрақты, оңалуда. Жаңа туған қыз бала №2 Қалалық перинаталдық орталықтың реаниматолог дәрігерлерінің тәулік бойғы бақылауында. Нәрестенің жағдайы ауыр деп бағалануда, алайда динамикада оң өзгерістер бар, дәрігерлер оның өмірі үшін күресті жалғастыруда.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty-densaulyk/press/news/details/1166538?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді