
Қарағанды облысының түзеу мекемелерінде есірткіге тәуелділіктің алдын алу шаралары өтті
Қарағанды облысындағы №30 және №31 түзеу мекемелерінде өңірлік Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Қарағанды және Ұлытау облыстары бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментімен бірлесіп, профилактикалық кездесу ұйымдастырды. Іс-шараның басты мақсаты – есірткінің зиянды салдары туралы түсіндіру жұмыстарын күшейту, заңсыз айналымның қауіп-қатерін нақты мысалдар арқылы жеткізу және сотталғандардың құқықтық сауаттылығын арттыру. Кездесу барысында қатысушыларға есірткі қылмыстары үшін қарастырылған жауапкершілік пен оның құқықтық әрі әлеуметтік салдары жан-жақты түсіндірілді. Мамандар сотталғандардың есірткіге қарсы берік ұстаным қалыптастыруына, қайталама қылмыстың алдын алуға және олардың қоғамға қайта бейімделуіне баса назар аударды. Бұл бастама бостандыққа шыққаннан кейінгі табысты әлеуметтік интеграцияға жол ашып, ұзақ мерзімді перспективада өңірдегі қылмыс деңгейін төмендетуге ықпал етеді. Кездесу тек ақпараттық сипатта ғана емес, мазмұнды пікір алмасу алаңы ретінде өтті. Қатысушылар салауатты өмір салтының маңызы, жеке жауапкершілік және заңға құрмет қағидаттары төңірегінде ой бөлісті. Полиция қызметкерлері мен қылмыстық-атқару жүйесінің өкілдері тәуелділік пен құқық бұзушылықтың тұйық шеңберінен шығу – саналы таңдау мен оңалту бағдарламаларына белсенді қатысудың нәтижесі екенін атап өтті.
Сонымен қатар, есірткіге тәуелділікті еңсеріп, өмірін жаңа арнаға бұрған азаматтардың табысты тәжірибелері таныстырылды. Бұл мысалдар сотталғандарға жігер беріп, заңды әрі жауапты өмір салтын таңдауға мотивация болды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-karaganda/press/news/details/1166500?lang=kk

Жауап қалдыру