Жетісу облысының полиция қызметкерлері халық көп жиналатын орындарда интернет-алаяқтықтың алдын алу жұмыстарын жалғастырып келеді. Билбордтарда, радио арқылы және сауда орталықтарында жүргізіліп жатқан ақпараттық науқандарға қарамастан, азаматтар әлі де қаскөйлердің құрбаны болуда.
Қаңтар айындағы статистика мәселенің өзектілігін көрсетеді: 38 қылмыстық іс тіркеліп, 63 іс аяқталып сотқа жолданды, сондай-ақ бұрын жасалған 8 қылмыс ашылды. Алаяқтардың әрекетінен келтірілген шығын миллиондаған теңгемен есептеледі.
Полиция қызметкерлері базарларда, сауда орталықтарында және қоғамдық орындарда түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, алаяқтардың кең таралған схемалары, банк карталарын қауіпсіз пайдалану және жеке деректерді қорғау жолдары туралы ақпарат береді. Әсіресе банк қызметкері болып хабарласатын жалған қоңырауларға, фейк инвестициялық жобаларға және әлеуметтік желілердегі аккаунттарды бұзу фактілеріне ерекше назар аударылады. Тұрғындарға практикалық кеңестері бар жадынамалар таратылады.
«Цифрлық кеңістіктегі қауіпсіздік әр азаматтың өзінен басталады. Күдікті қоңыраулар мен хабарламаларға сенбеңіздер, жеке деректеріңізді бөгде адамдарға бермеңіздер. Күмәнді жағдайлар туындаған кезде 102 нөміріне полицияға хабарласыңыздар», — деп атап өтті полиция өкілдері.
Жетісу облысының полиция қызметкерлері әрбір тұрғынның интернет-алаяқтардан қорғалған әрі хабардар болуы үшін жұмысты жүйелі түрде жалғастыра береді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-zhetysu/press/news/details/1166324?lang=kk

Жауап қалдыру