ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің сайлау органдары басшылары Консультативтік кеңесінің VII отырысы өтті

Жарияланды:

Автор:

категорияда

2025 жылғы 19 ақпанда Санкт-Петербург қаласында Қазақстанның төрағалығымен Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің сайлау органдары басшыларының Консультативтік кеңесінің VII отырысы (ТМД СОБ КК) өтті.

Іс-шараға ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің орталық сайлау органдарының басшылары мен өкілдері, ТМД Атқару комитетінің және ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Парламентаралық ассамблеясының басшылығы, ТМД ПАА-ға қатысушы мемлекеттердің демократияны дамыту, парламентаризм және азаматтардың сайлау құқықтарының сақталуын мониторингтеу жөніндегі халықаралық институтының (МИМРД ТМД ПАА), сондай-ақ ТМД СОБ КК жанындағы электоралдық саладағы жастар саясаты жөніндегі Жұмыс тобының өкілдері қатысты.

Сондай-ақ жиынға Түркия Республикасының Жоғары сайлау кеңесінің төрағасы Ахмет Йенер және Сербия Республикасының Республикалық сайлау комиссиясының мүшесі Велько Перович қатысты.

Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы Нұрлан Әбдіров өз сөзінде 2026 жылғы 15 наурызға тағайындалған республикалық референдумға дайындық барысы туралы хабарлады.

Барлық дайындық жұмыстары ұлттық заңнамаға және бекітілген күнтізбелік жоспарға сәйкес жүзеге асырылуда. Процедуралардың ашықтығын қамтамасыз етуге, комиссия мүшелерін оқытуға және азаматтардың барлық санаттары, оның ішінде мүгедектігі бар адамдар үшін қажетті жағдайлар жасауға ерекше назар аударылуда.

ОСК Төрағасы «Сонымен қатар біз халықаралық байқаушылармен және сарапшылар қауымдастығымен өзара іс-қимылға ашықпыз. Бірлескен жұмыс референдумды жоғары ұйымдастырушылық деңгейде және халықаралық стандарттарға толық сәйкес өткізуге мүмкіндік беретініне сенімдімін», деп атап өтті.

Электоралдық пікірталас барысында Армения Республикасы Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы Ваагн Овакимян
2026 жылы өтетін Армения Республикасы Ұлттық жиналысы сайлауына дайындық жұмыстары жөнінде жан-жақты шолу ұсынды.

Ол Армениядағы электоралдық науқандар барысында ID-бақылау қолданылғанына қарамастан, дауыс беру қағаз форматында екендігін атап өтті: сайлаушылар бюллетеньдерді қолмен толтырады, ал дауыстарды санау заңда белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады. Бұл қажет болған жағдайда  дауыстарды қайта санауға мүмкіндік береді.

Жиын Ресей Федерациясы Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы Элла Памфилованың «Ресейдегі 2026 жылғы сайлау – сын-қатерлер мен жаңашылдықтар» тақырыбындағы баяндамасымен жалғасты.

Оның айтуынша, азаматтардың ерік білдіруінің баламалы тәсілдері болған жағдайда да негізгісі ретінде қағаз бюллетеньдерді пайдалану арқылы дауыс беру қала береді.

Электоралдық процестерді жетілдіру тақырыбына Тәжікстан Республикасының Сайлау және референдумдар жөніндегі Орталық комиссиясының төрағасы Бахтиер Худоерзода да тоқталып, онлайн форматта ұлттық сайлау жүйесінің дамуы мен атқарылған жұмыстар туралы қысқаша ақпарат берді. Ол сайлау технологияларын модернизациялау, дауыстарды есепке алу процесін жетілдіру және сайлаушылардың ұлттық сайлау жүйесіне деген сенімін арттыру бағытындағы маңызды жетістіктерді атап өтті.

Өзбекстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы Зайниддин Низамходжаев онлайн режимде сөз сөйлеп, жаңартылған сайлау жүйесі контексінде жергілікті Кенгаш сайлау тақырыбын ашып көрсетті, құқықтық өзгерістер мен институционалдық реформаларға ерекше назар аударды.

2025 жылғы 30 қарашада өткен Қырғыз Республикасы Жогорку Кенеші депутаттарының мерзімінен бұрын өткен сайлауының қорытындылары туралы Қырғыз Республикасы Сайлау және референдумдар өткізу жөніндегі орталық комиссиясы Төрағасының орынбасары Бахадыр Конуров онлайн форматта хабарлады.

Беларусь Республикасы Орталық сайлау комиссиясының Хатшысы Елена Балдовская сайлауаралық кезеңдегі комиссия қызметінің негізгі бағыттары туралы баяндап, жастарға құқықтық білім беру мәселесін ерекше атап өтті.

Электоралдық пікірталас барысында «Сайлау мен референдумдарды халықаралық байқау қағидаттарының декларациясы туралы» ақпаратпен ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Парламентаралық ассамблеясы Кеңесінің Бас хатшысы Дмитрий Кобицкий сөз сөйледі. Аталған ақпарат назарға алынды.

Екінші мәселе бойынша Елена Балдовская Консультативтік кеңестің Дүниежүзілік сайлау органдары қауымдастығының (A-WEB) қызметіне қатысуының орындылығы мен ықтимал форматтарын қарастыруды ұсынды. Талқылау қорытындысы бойынша бұл ұсынысты қосымша зерделеуге жіберу туралы шешім қабылданды.

«Халықаралық байқаудағы құқық, құқықтар мен қағидалар және олардың ТМД-ға қатысушы мемлекеттердегі сайлаушылардың электоралдық мәдениетін қалыптастыруға ықпалы» тақырыбы бойынша ТМД ПАА Кеңесі Хатшылығы басшысының орынбасары, ТМД ПАА-ға қатысушы мемлекеттердің демократияны дамыту, парламентаризм және азаматтардың сайлау құқықтарының сақталуын мониторингтеу жөніндегі халықаралық институтының директоры Иван Мушкет сөз сөйлеп, сенімді нығайту құралы ретінде халықаралық байқау институтының дамуына қатысты аналитикалық пікірлерін ұсынды.

Консультативтік кеңес мүшелерінің атынан ТМД ПАА-ға қатысушы мемлекеттердің демократияны дамыту, парламентаризм және азаматтардың сайлау құқықтарының сақталуын мониторингтеу жөніндегі халықаралық институтының құрылғанына 20 жыл толуына орай құттықтаулар айтылды.

Жиынды қорытындылай отырып, Нұрлан Әбдіров өкілдік деңгейінің жоғары екенін, талқылаулардың мазмұндылығын және олардың практикалық маңызын атап өтті. ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің электоралдық саладағы одан әрі ынтымақтастығы азаматтардың сайлау және референдум институттарына деген сенімін нығайтуға, электоралдық мәдениетті дамытуға және кәсіби өзара іс-қимылды кеңейтуге ықпал ететіні атап өтілді.

Кездесу соңында жиын қатысушыларына «Қазақстандағы сайлау: қысқа да нұсқа» атты кітаптар табысталды. Басылым Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясымен сайлау туралы маңызды ақпаратты жүйелеу мақсатында әзірленді және жалпы оқырман қауымына арналған.

ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің сайлау органдары басшыларының Консультативтік кеңесі тең ұйымдастырушы болған «Сайлау және референдум институтына сенімді қалыптастыру: халықаралық байқаудың рөлі» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция алаңында «Жасанды интеллект және оның сайлау процесінде қолданылуы: кешенді тәсіл және құқықтық реттеу» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Іс-шара барысында негізгі баяндаманы Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Шавхат Өтемісов ұсынды.

ҚР Орталық сайлау комиссиясының хатшысы пікірінше, бүгінгі күні жасанды интеллект мемлекеттердің бәсекеге қабілеттілігінің факторы әрі технологиялық тәуелсіздігінің элементіне айналуда.

Жасанды интеллект сайлау процестеріне барған сайын – сайлаушыларға арналған цифрлық сервистерден бастап аналитикаға, киберқауіпсіздікке және жалған ақпаратқа қарсы іс-қимылға дейін белсенді түрде енгізілуде.

Аталған шарадан бір күн бұрын Шавхат Өтемісовтің төрағалығымен ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің сайлау органдары басшыларының Консультативтік кеңесі жанындағы электоралдық саладағы жастар саясаты жөніндегі Жұмыс тобының отырысы өтті. Қатысушылар жастарды электоралдық үдерістерге тартудың практикалық жұмыс нысандарының  білім беру және ағартушылық форматтардан бастап, байқауға қатысу мен жастардың сайлау құрылымдарының жұмысына дейінгі кешендерін, сондай-ақ олардың сайлауға деген сенім мен электоралдық мәдениетті қалыптастыруға ықпалын қарастырды.

Қазақстан Республикасынан Атабаева Гүлзира тәжірибесімен бөлісіп, Жас сайлаушылар клубтары желісі арқылы жастарды электоралдық салаға жүйелі интеграциялау моделін ұсынды. Ол: «Жастардың сайлауға деген көзқарасы түсіну мен жеке қатысу арқылы қалыптасады. Процедуралар неғұрлым түсінікті түсіндіріліп, сұрақ қойып, оларды талқылауға мүмкіндік неғұрлым көп болса, сайлау органдарын қабылдау да соғұрлым саналы болады», – деп атап өтті.

Тақырыпты жалғастыра отырып, Нұрғазин Әмірлан бұл жұмысты ғылыми сүйемелдеуіне назар аударды. «Жастардың сайлауды қалай қабылдайтынын зерттей отырып, біз шын мәнінде елдің саяси мәдениетінің болашағын талдаймыз. Ғылым цифрлық ортаның көзқарастарды қалай қалыптастыратынын, қандай ақпарат көздері сенімге ықпал ететінін және дауыс беру нәтижелерін қабылдауға дайындықты не айқындайтынын тереңірек түсінуге мүмкіндік береді », – деді ол.

Одан әрі Жұмыс тобының мүшелері заманауи технологиялардың электоралдық мәдениетті дамытуға ықпалына арналған «Таврический» халықаралық жастар пікірталас клубының отырысына қатысты.

Сонымен қатар конференция күндері Күмбез залында сайлау технологиялары эволюциясының визуалды шежіресіне айналған көрме ұйымдастырылды. Экспозиция тек техниканың – ауқымды ағаш жәшіктерден бастап бюллетеньдерді өңдеудің интеллектуалды кешендері мен электрондық терминалдарға дейін – қалай өзгергенін ғана емес, сонымен бірге сайлауды әкімшілендіру философиясының да трансформациясын: процедура механикасынан сенім архитектурасына дейінгі үдерісті айқын көрсетеді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/election/press/news/details/1166750?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді