
20 ақпанда КММ «Елецкая орта мектебі» базасында аудандық «Педагогикалық альянс: нәтижелі тәжірибелер» атты семинар өтті. Аталған шараға ауданның білім беру ұйымдарының басшылары мен педагогтері қатысты.
Семинар қатысушыларды тіркеуден және ашылу рәсімінен басталды. Құттықтау сөзбен мектеп директоры Е.К. Қадыров сөз сөйледі. Директордың оқу ісі жөніндегі орынбасарлары Г.И. Миргородская мен Н.Н. Ушакова іс-шара бағдарламасымен таныстырып, мектеп бойынша экскурсия ұйымдастырды.
1-секция аясында білім сапасын арттыруға бағытталған тиімді басқарушылық шешімдер қарастырылды: мектеп командасының soft skills дағдыларын дамыту бойынша шеберлік сабағы, танымдық белсенділікті арттыру тәжірибелері, тәрбие жұмысын жоспарлаудағы цифрлық құралдар, сондай-ақ білім алушылардың тұлғалық құндылықтарын қалыптастыру мәселелері талқыланды.
2-секция бастауыш сыныпта оқыту сапасын арттыру және функционалдық сауаттылықты қалыптастыруға арналды. Педагогтер оқушылардың оқу және математикалық сауаттылығын, логикалық ойлау қабілетін дамыту, сондай-ақ тұтас емес мәтіндермен жұмыс жүргізу бойынша шеберлік сабақтарын ұсынды.
3-секцияда қоғамдық-гуманитарлық пәндерді оқытуда заманауи әдістемелер мен цифрлық технологияларды кіріктіру мәселелері талқыланды: тарих сабақтарында цифрлық құралдарды пайдалану, функционалдық сауаттылыққа арналған тапсырмаларды әзірлеу, Wordwall, Liveworksheets, Quizlet платформаларын және тіл мен әдебиет сабақтарында креативті технологияларды қолдану тәжірибелері ұсынылды.
4-секция жаратылыстану-математикалық бағыттағы пән мұғалімдерін біріктірді. Информатика пәнін оқытуда жасанды интеллект құралдарын кіріктіру тәжірибелері, геймификация және PISA форматындағы тапсырмаларды қолдану, химия, биология және математика сабақтарында цифрлық ресурстарды пайдалану мәселелері қарастырылды.
Жұмыс қорытындысы бойынша рефлексиялық шеңберлер ұйымдастырылып, қорытынды жасалып, қатысушылар марапатталды.
Семинар кәсіби диалог құруға, тәжірибе алмасуға және педагогикалық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған тиімді алаңға айналды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aiyrtau-edu/press/news/details/1167525?lang=kk

Жауап қалдыру