
Екібастұз қаласы Қоғамдық кеңесінің кезекті отырысы Кеңес төрағасы Жасұлан Сәдуақасовтың төрағалығымен өтті.
Отырыс барысында күн тәртібіндегі үш мәселе қаралды.
Кеңес мүшелерінің алдында «Екібастұз өңірінің 2025 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және 2026 жылға арналған міндеттер туралы» есебімен қала әкімі Аян Бейсекин сөз сөйледі.
Аян Уахитұлы өз баяндамасында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштеріне жан-жақты тоқталып, өнеркәсіп өндірісінің өсімі, инвестициялар тарту, шағын және орта бизнесті қолдау, инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандарын жаңғырту бағытындағы оң нәтижелерді атап өтті.
Сонымен қатар халықты жұмыспен қамту, әлеуметтік осал санаттағы азаматтарды қолдау, білім беру мен денсаулық сақтау салаларын дамыту, қалалық ортаны абаттандыру мәселелеріне ерекше назар аударылды. 2026 жылға арналған негізгі міндеттер айқындалып, олардың қатарында экономиканы әртараптандыруды жалғастыру, инвестициялық жобаларды іске асыру, коммуналдық қызметтердің сапасын арттыру, көлік және инженерлік инфрақұрылымды дамыту, сондай-ақ қала аумағын кешенді дамыту бағыттары белгіленді.
«Екібастұз қалалық мәслихатының 2025 жылғы қызметі туралы» баяндамамен қалалық мәслихат төрағасы Нияз Макраев сөз сөйледі. Өз сөзінде ол депутаттық корпустың нормативтік-құқықтық актілер шығару қызметіне жан-жақты тоқталды. Нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу және қабылдау үдерісі бюджетті қалыптастыру мен нақтылаудан бастап, мемлекеттік және өңірлік бағдарламаларды тиімді іске асыруға қажетті құқықтық негіз қалыптастыруға дейінгі әлеуметтік-экономикалық міндеттерді шешудің негізгі тетігіне айналғанын атап өтті. Сонымен қатар, қабылданатын актілердің тиімділігі олардың қоғамның нақты сұраныстарына сәйкестігіне тікелей байланысты екені айтылды. Осы тұрғыда депутаттардың халықпен белсенді әрі жүйелі өзара іс-қимылының маңызы ерекше екені көрсетілді. Атап айтқанда, азаматтарды жеке қабылдау, өтініштер мен ұсыныстарды мұқият қарау депутаттық корпусқа өңір тынысымен етене танысып, өзекті мәселелерге жедел ден қоюға мүмкіндік береді.
Қалалық Қоғамдық кеңестің 2025 жылғы қызметінің қорытындылары туралы Кеңес төрағасы Жасұлан Сәдуақасов баяндады. Оның айтуынша, есепті кезеңде Қоғамдық кеңес бірқатар отырыстар өткізіп, мемлекеттік органдардың нормативтік құқықтық актілері жобаларын, сондай-ақ қала үшін әлеуметтік-экономикалық маңызы бар өзекті мәселелерді қарады. Кеңес мүшелері көгалдандыру және абаттандыру бойынша көшпелі мониторингтерге, сондай-ақ «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясына белсенді қатысты.
Күн тәртібіндегі мәселелерді қарау қорытындысы бойынша Қоғамдық кеңес мүшелері ұсынылған ақпараттарды назарға алу және қаланы одан әрі дамытуға бағытталған өзекті міндеттерді іске асыру бойынша бірлескен жұмысты жалғастыру туралы шешім қабылдады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/maslihat-pavlodar-ekibastuz/press/news/details/1168570?lang=kk

Жауап қалдыру