
Қайырлы күн, құрметті Қапал ауылдық округінің тұрғындары және әлеуметтік желі қолданушылары!
Біз Қапал ауылының дамуына елеулі үлес қосып жүрген азаматтармен таныстыруды жалғастырамыз. Бүгін сіздерді спортты, салауатты өмір салтын және еңбекқорлықты өмірінің басты қағидасына айналдырған, туған ауылына адал қызмет етіп жүрген азаматпен таныстырғымыз келеді.
Ахметов Исатай Исламұлы 1975 жылдың 28 қаңтарында Қапал ауылында дүниеге келген. Жастайынан оның бойынан спортқа деген ерекше қызығушылық, көшбасшылық қабілет пен белсенді азаматтық ұстаным айқын байқалды. Ол тек спорттық жарыстарға қатысып қана қоймай, жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруда да әрдайым алдыңғы қатарда болды.
Жас кезінен бастап еркін күрес, волейбол, теннис және басқа да спорт түрлері бойынша жарыстарға қатысып, жас ұрпаққа үлгі бола білді. Өзінің табандылығы мен жігері арқылы ол салауатты өмір салтын насихаттап, жастарды спортқа баулуға үлкен үлес қосты.
1999 жылы Исатай Исламұлы Қапал ауылында жастардың бос уақытын тиімді өткізуге арналған жастар демалыс орталығын ашты. Бұл орталық 2010 жылға дейін үздіксіз жұмыс істеп, талай жастың жарқын естеліктеріне айналды. Сол жылдары ұйымдастырылған би кештері мен мәдени шараларды бүгінгі күнге дейін көптеген тұрғындар жылы ықыласпен еске алады.
2025 жылы Қапал ауылында ангар типтес «Барыс» спорт кешені ашылып, сол жылдың сәуір айынан бастап аталған спорт нысанының меңгерушісі қызметіне Исатай Исламұлы тағайындалды. Бұл — сөзбен емес, нақты іспен дәлелдеп, жастарды бірлікке шақыра білген азаматқа көрсетілген зор сенім. Бүгінде спорт кешенінде 8 қызметкер еңбек етеді. Олар бір мақсат жолында жұмылған, тату да ұйымшыл ұжым.
«Барыс» спорт кешенінде волейбол, тхэквондо және басқа да спорт түрлері бойынша тұрақты түрде жаттығулар мен жарыстар өткізіліп келеді. Бұл кешен ауыл жастары үшін спорт пен тәрбие, тәртіп пен табандылықтың ордасына айналды. Исатай Исламұлы — көпбалалы әке. Ол үш ұл, бір қыз тәрбиелеп отыр. Балалары әкесінің жолын қуып, спорт саласында белсенділік танытып келеді. Үлкен ұлдары еліміздің қауіпсіздік саласында еңбек етіп, волейбол, қол күресі, жекпе-жек сияқты жарыстарға тұрақты түрде қатысып жүр.
Исатай Исламұлының өмір жолы — туған жерге деген сүйіспеншіліктің, адал еңбектің және болашақ ұрпаққа деген сенімнің жарқын үлгісі. Алдағы уақытта да оның бастамалары ауыл жастарына бағыт-бағдар беріп, жаңа жетістіктерге жетелей беретініне сенімдіміз.
Туған ауылдың өркендеуі жолындағы еңбегіңізге алғыс білдіреміз!
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhetysu-aksu-qapal/press/news/details/1168318?lang=kk

Жауап қалдыру