Ақтөбе облысының елді мекендерінде көктемгі су тасқыны кезеңіне дайындық жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Өңірдің аудандарында су тасқыны қаупінің алдын алу мақсатында жауапты мекемелер күшейтілген жұмыс режиміне көшіп, тәулік бойы мониторинг жасауда. Қар қорының мөлшері, топырақтың тоң қату деңгейі және су қоймаларындағы су көлемі тұрақты бақылауда. Қажетті техника, инертті материалдар және жанар-жағармай қоры алдын ала дайындалған.

Мәселен, Хромтау ауданында гидротехникалық нысандардың жай-күйі тексеріліп, өзен арналары тазартылып, қорғаныс бөгеттері нығайтылып жатыр. Аудан әкімі Нұрхан Тілеумұратов көктемгі су тасқыны кезеңіне дайындық барысын пысықтау мақсатында аудан аумағындағы гидротехникалық нысандар мен су қоймаларын аралап көрді.

Алдымен Абай ауылындағы «Ойсылқара» су қоймасына барды. Су қоймасының жалпы сыйымдылығы 22 млн текше метрді құрайды. Сала мамандарының мәліметінше, қазіргі таңда онда 13 млн текше метр су жиналған. Аудан әкімі жауапты қызметтерге нысанды тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды. Одан кейін Құдықсай ауылындағы «Лиманды» су қоймасының жағдайы қаралды. Нысандағы үш шлюздің су өткізу қабілеті сағатына 108 мың текше метрді құрайды. Алайда бас дамба күрделі жөндеуді қажет етеді. Осыған байланысты «Казсушар» мекемесінің өкілдеріне тиісті жөндеу жұмыстарын бастау міндеттелді. Іссапар Көктөбе ауылында жалғасты. Мұнда ауыл іргесінен өтетін Ор өзенінің арнасынан тасу қаупінің алдын алу мақсатында өзен жағалауы инертті материалдармен нығайтылғаны айтылды.

Аудан әкімі көктемгі кезеңге дайындық жұмыстарын бақылауында екенін айтып, жауапты қызметтерге нақты тапсырмалар берді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe-sayasat/press/news/details/1168233?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді