Асайын Байханов өңірлік Pavlodar Hub алаңына барып, өңірдің IT-экожүйесінің даму барысымен танысты

Жарияланды:

Автор:

категорияда

– Өңірлік инновациялық алаңдарды дамыту – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қойған стратегиялық міндеттердің бірі. Президент өзінің Жолдауында барлық облыс орталықтарында Astana Hub тәжірибесінің ауқымын кеңейте отырып, біртұтас инновациялық экожүйені қалыптастыру қажеттігін атап өтті, – деді облыс әкімі.

Pavlodar Hub 2025 жылдың шілде айында ашылды. 140 шаршы метр аумақта резиденттерге арналған жұмыс орындары, коворкинг аймағы және кездесулер залы орналастырылған. Осы уақыт ішінде 1500-ден астам қатысушыны қамтыған 80-нен астам шара өткізілді. Хаб экожүйесінде 20-дан астам белсенді стартап бар және 13 компания Astana Hub-тың ресми резиденті атанды.

Жастармен және мектеп оқушыларымен жүргізілетін жұмысқа баса назар аударылуда. AI Hackathon және School Hackathon аясында кадрлық резерв қалыптасып, технологиялық кәсіпкерлік дағдылары дамытылуда. Startup Orda инкубациялық бағдарламасы жүзеге асырылды: 40 өтінімнің ішінен 12 жоба Demo Day финалына шықты.

Өңір басшысы алаңның ауқымын әрі қарай да кеңейту қажеттігін атап өтті. 2026 жылы хабтың аумағын 800 шаршы метрге дейін кеңейтіп, конференц-залдар, коворкинг-алаңдар, IT-мектеп және AI-зертханаларға арналған кеңселер жасау жоспарлануда. Сондай-ақ биыл республикалық және төрт облыстық хакатон өткізу, AI бағдарламалары мен буткемптерді іске қосу, жасанды интеллект форумын ұйымдастыру, тұрақты Pitch Day өткізу және инкубациялық бағдарламаларды кеңейту жоспарланған.

– Біздің міндетіміз – толыққанды экожүйені қалыптастырып, IT саласын өңір экономикасының өсу нүктелерінің біріне айналдыру үшін барлық жағдайды жасау, – деді Асайын Байханов.

Жұмыс сапары барысында облыс әкімі бірқатар стартаптармен танысты. Олардың қатарында: Involve Eco System – инклюзиясы бар адамдарға арналған қызметтердің экожүйесі, Math LAB – математиканы оқытуға арналған ойын қосымшасы, Zeyin App – репетиторларды таңдау платформасы, Medora – ауру белгілерін талдайтын AI-платформа, Mugalim Pipe – педагогикалық құзыреттерді дамытуға арналған AI-сервис, Falmas Garden Track – AI негізіндегі агротехнологиялық шешім.

Кездесудің қорытындысы бойынша өңір басшысы жастарды тарту, серіктестіктерді ұлғайту, сондай-ақ республикалық және халықаралық деңгейге шығу әлеуеті бар жобалар портфелін қалыптастыру жұмыстарын күшейтуді тапсырды.

Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/pavlodar/press/news/details/1167813?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді