
Барселона, 2026 жылғы 20 ақпан – Қазақстанның Испаниядағы Елшісі Данат Мұсаев 2026–2029 жылдарға арналған Испанияның Азия-Тынық мұхиты өңірі бойынша стратегиясының таныстырылымына қатысты. Іс-шараға Испанияның Сыртқы істер министрі Хосе Мануэль Альбарес, дипломатиялық корпус өкілдері мен сарапшылар қауымдастығы қатысты.
Құжатты таныстырған Испанияның сыртқы саяси ведомствосының басшысы Азия өңірі жаһандық дамудың негізгі орталықтарының біріне айналып келе жатқанын атап өтті. Бұл өңірде әлем халқының, өнеркәсіптік әлеуеттің және экономикалық өсімнің едәуір бөлігі шоғырланған. Жаңа стратегия саяси диалогты нығайтуға, сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге, сондай-ақ инвестициялық және технологиялық әріптестікті дамытуға бағытталған.
Өз сөзінде Қазақстан Елшісі Испанияның Азиядағы белсенділігінің артуы өзара тиімді серіктестікті тереңдетуге қосымша мүмкіндіктер ашатынын, соның ішінде Орталық Азия мемлекеттерімен ынтымақтастықты кеңейтуге жол ашатынын атап өтті. Ол Қазақстанның Еуропа мен Азияны байланыстыратын негізгі транзиттік және инвестициялық хаб ретіндегі стратегиялық маңызын, сондай-ақ тұрақты әрі сенімді әріптес екенін ерекше атап өтті.
Д. Мұсаев екіжақты диалогты одан әрі жандандыруға дайын екенін білдіре отырып, Испания Сыртқы істер министрінің жауап сапарын жақын уақытта ұйымдастыруға үміт білдірді.
Іс-шара аясында Елші Испания Сыртқы істер министрлігінің жоғары лауазымды өкілдерімен бірқатар кездесулер өткізіп, олардың барысында қазақ-испан ынтымақтастығының басым бағыттары, сондай-ақ екіжақты күн тәртібін Испанияның Азия-Тынық мұхиты өңірі бойынша жаңа стратегиясының басымдықтарымен ұштастыру мүмкіндіктері талқыланды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-madrid/press/news/details/1167676?lang=kk

Жауап қалдыру