Бағыт-бағдар айқындаған кездесу: Талдықорғанда оқушыларға заң мен тәртіп жолы түсіндірілді

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Талдықорған қаласындағы №30 мектепте тағылымы мол, мазмұнды кездесу өтті. Оқушылар алдында Жетісу облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары Жасұлан Байкенов сөз сөйледі. Дәрістің ерекшелігі – оны қызметтік тәжірибесі мол, қоғам алдындағы жауапкершілікті терең түсінетін басшының өткізуінде болды.

Ашық диалог форматында өткен кездесуде Жасұлан Байкенов құқық бұзушылықтың алдын алу мәселелеріне кеңінен тоқталып, жасөспірімдердің қылмыстық ортаға тартылу қаупін жан-жақты түсіндірді. Сондай-ақ ол өмірлік таңдау бүгіннен басталатынын, оның негізі – заңға құрмет пен тәртіпке бағыну екенін ерекше атап өтті.

«Заң мен қоғамдық тәртіпті сақтау – жай ғана міндет емес, бұл – қуатты әрі тұрақты мемлекеттің іргетасы. Әрқайсыңыз жеке жауапкершілік пен дұрыс таңдау арқылы ел қауіпсіздігіне өз үлестеріңізді қоса аласыздар», – деді Жасұлан Байкенов.

Кездесуде кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ересектердің қарауынсыз жүруінің тәуекелдері мен мектептегі буллинг мәселесіне айрықша назар аударылды. Полиция өкілі кез келген қысым мен агрессия көріністеріне жол берілмейтінін айтып, дер кезінде көмекке жүгіну ауыр салдардың алдын алатынын жеткізді.

Оқушылар қонақты үлкен қызығушылықпен қарсы алды. Іс-шара барысында олар оқу-жаттығу автоматының бөлшектеу және жинақтау тәсілдерін жоғары деңгейде меңгергендерін көрсетті. Жастардың белсенділігі мен тәртіптілігі – олардың бойында қоғамдық қызметке деген жауапкершілік пен отансүйгіштік қасиеттердің қалыптасып келе жатқанын айқын аңғартты.

#законипорядок #заңментәртіп

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-zhetysu/press/news/details/1168441?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді