Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде 2025 жылғы жұмыс қорытындыланып, 2026 жылға арналған негізгі міндеттер айқындалды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2024 жылғы 6 тамыздағы №628 қаулысымен Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті және оның аумақтық бөлімшелері құрылған болатын. 

2026 жылдың 24 ақпанында алғаш рет министрліктің ұйымдастыруымен барлық құрылымдық бөлімшелер басшыларының қатысуымен алқа отырысы өтті.

Отырысқа Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары А.Балаева қатысты.

             Отырыста 2025 жылғы жұмыс қорытындылары және министрліктің 2026 жылға арналған негізгі міндеттері, зейнетақы және әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері, әлеуметтік-еңбек саласын цифрландыру, еңбек қатынастарын реттеу, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері, әлеуметтік сақтандыру саласындағы міндеттемелер мен мүмкіндіктер балансы жөніндегі мәселелер қаралды. Атап айтқанда:

2025 жылғы жұмыс қорытындылары

Алқа отырысында 2025 жылғы жұмыс қорытындылары шығарылып, 2026 жылға арналған негізгі міндеттер айқындалды. Зейнетақы және әлеуметтік қамсыздандыру жүйесін жетілдіру, әлеуметтік-еңбек саласын цифрландыру, еңбек қатынастарын реттеу, еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау, сондай-ақ әлеуметтік сақтандыру саласындағы міндеттемелер мен мүмкіндіктер балансы мәселелері жан-жақты талқыланды.

Алқа отырысында министрлік 2025 жылы халықтың әлеуметтік әл-ауқатын арттыруға бағытталған бірқатар жүйелі шараларды жүзеге асырғаны атап өтілді. Зейнетақы төлемдерін уақтылы индексациялау, атаулы әлеуметтік көмек көрсету тетіктерін жетілдіру және әлеуметтік төлемдерді тағайындау рәсімдерін оңайлату бағытында нақты жұмыстар атқарылған.

Есепті кезеңде әлеуметтік қызметтер көрсету сапасын арттыруға, мүгедектігі бар азаматтарды қолдау шараларын кеңейтуге және халықты жұмыспен қамту бағдарламаларын тиімді іске асыруға басымдық берілді.

Сонымен қатар, еңбек нарығындағы ахуалды тұрақтандыру және жаңа жұмыс орындарын құру мәселелері де назардан тыс қалған жоқ.

Цифрландыру – ашықтық пен тиімділіктің негізі

Әлеуметтік-еңбек саласын цифрландыру 2025 жылы басты бағыттардың бірі болды. Мемлекеттік қызметтерді электрондық форматқа көшіру, деректер базаларын ықпалдастыру және проактивті қызмет көрсету тетіктерін енгізу арқылы азаматтар үшін қызмет алу үдерісі айтарлықтай жеңілдетілді.

Цифрлық шешімдер әлеуметтік төлемдерді тағайындауда адами факторды азайтып, ашықтықты қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Бұл өз кезегінде мемлекеттік қолдаудың атаулылығын арттырып, бюджет қаражатын тиімді пайдалануға жағдай жасады.

Еңбек қатынастары және еңбек қауіпсіздігі

Жиында еңбек қатынастарын реттеу және еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері де кеңінен қаралды. Кәсіпорындардағы еңбек заңнамасының сақталуын бақылау күшейтіліп, өндірістік жарақаттану деңгейін төмендетуге бағытталған алдын алу шаралары жүргізілгені айтылды.

Еңбекті қорғау талаптарын сақтау, жұмыс берушілердің жауапкершілігін арттыру және қызметкерлердің құқықтарын қорғау – министрліктің тұрақты бақылауындағы мәселелердің бірі екені атап өтілді. 2026 жылы да бұл бағыттағы жұмыс жүйелі түрде жалғасатын болады.

Әлеуметтік сақтандыру: міндеттемелер мен мүмкіндіктер балансы

Алқа отырысында әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қаржылық тұрақтылығы мен тиімділігіне ерекше көңіл бөлінді. Міндеттемелер көлемінің артуы жағдайында қорлардың тұрақтылығын сақтау, түсімдер мен төлемдер арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз ету – басты міндеттердің бірі ретінде белгіленді.

Жиын барысында сақтандыру жүйесін одан әрі жетілдіру, қатысушылар санын арттыру және көлеңкелі жұмыспен қамтуды азайту арқылы жарналар түсімін ұлғайту мәселелері талқыланды. Бұл өз кезегінде азаматтардың әлеуметтік тәуекелдерден қорғалу деңгейін арттыруға ықпал етпек.

2026 жылға арналған негізгі міндеттер

Алдағы жылы министрліктің негізгі жұмысы ретінде уақытша жұмыспен қамтудан тұрақты әрі сапалы жұмыс орындарын құруға көшу, еңбек мобильділігін арттыру және білім беру жүйесін еңбек нарығының қажеттіліктерімен тығыз байланыстыру жоспарланып отыр. Арнайы көңіл жастарға, соның ішінде NEET санатындағы азаматтарға бағытталады.

Сонымен қатар, зейнетақы және әлеуметтік төлемдер жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге, цифрландыруды тереңдетуге және еңбек нарығын дамытуға басымдық беріледі. Әлеуметтік саясаттың басты мақсаты – халықтың өмір сүру сапасын арттыру және әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ету.

Сондай-ақ, еңбек қауіпсіздігін күшейту, формальды емес жұмыспен қамтуды азайту және әлеуметтік сақтандыру жүйесінің тиімділігін арттыру бағытындағы жұмыстар жалғасады. Министрлік алға қойылған міндеттерді іске асыру арқылы әлеуметтік-еңбек саласының орнықты дамуын қамтамасыз етуді көздеп отыр.

Алқа отырысында қабылданған шешімдер 2026 жылы әлеуметтік саясатты жүйелі түрде жүзеге асыруға және азаматтардың әл-ауқатын арттыруға негіз болмақ.

Сонымен қатар, осы күні аумақтық департаменттері бар мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті төрағасы М.Ахметовтің төрағалығымен панельдік сессия ұйымдастырылды. Сессияға комитеттің орталық аппараты мен өңірлік департамент басшылары қатысып, мемлекеттік еңбек инспекторларының 2025 жылғы жұмыс қорытындылары және 2026 жылға арналған міндеттер, өңір кәсіпорындарында жұмыскерлердің еңбек құқықтарының сақталуын мемлекеттік бақылау бойынша жүргізілетін жұмыстар, еңбек дауын азайту және реттеу, жалақы бойынша берешекті төмендету, өндірістік жарақаттануды төмендету, құқықтық, кадрлық, қаржылық, материалдық-техникалық қамтамасыз ету және ақпараттық қауіпсіздік мәселелері туралы талқыланды.

2025 жылғы жұмыс нәтижелері

Сессия барысында мемлекеттік еңбек инспекторларының есепті кезеңдегі қызметі жан-жақты сараланды. 2025 жылы өңір кәсіпорындарында жұмыскерлердің еңбек құқықтарының сақталуына мемлекеттік бақылау күшейтіліп, еңбек заңнамасының бұзылуын анықтау және оның алдын алу бағытында жүйелі шаралар қабылданды.

Тексеру қорытындылары бойынша анықталған құқықбұзушылықтарды жою туралы нұсқамалар беріліп, жұмыс берушілерге түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде, бірқатар кәсіпорындарда еңбек шарттарын заң талаптарына сәйкестендіру, еңбекақы төлеу тәртібін реттеу және еңбек қауіпсіздігі талаптарын сақтау деңгейі артқаны атап өтілді.

Еңбек дауларын азайту және жалақы берешегін төмендету

Панельдік сессияда еңбек дауларының алдын алу және оларды реттеу тетіктерін жетілдіру мәселесі ерекше назарға алынды. Әлеуметтік әріптестік құралдарын тиімді пайдалану, татуластыру рәсімдерін жандандыру және түсіндіру жұмыстарын күшейту арқылы даулы жағдайлардың ушығуына жол бермеу міндеті қойылды.

Сонымен қатар, жалақы бойынша берешекті төмендету бағытында атқарылған жұмыстар талқыланды. Мемлекеттік еңбек инспекторларының жедел әрекет етуі нәтижесінде бірқатар кәсіпорындарда жұмыскерлер алдындағы еңбекақы қарызы өтеліп, азаматтардың әлеуметтік құқықтары қорғалғаны айтылды. Бұл бағыттағы жұмыс 2026 жылы да басымдықтардың бірі болып қала бермек.

Өндірістік жарақаттануды төмендету

Өндірістік жарақаттану деңгейін төмендету – комитет қызметінің маңызды бағыттарының бірі.

Сессия барысында қауіпті өндірістік объектілерде профилактикалық бақылау жүргізу, еңбек қауіпсіздігі талаптарының сақталуын қадағалау және жұмыс берушілердің жауапкершілігін арттыру мәселелері қаралды.

Инспекторлардың қатысуымен жазатайым оқиғаларды тергеп-тексеру сапасын арттыру, тәуекелдерді бағалау жүйесін жетілдіру және еңбекті қорғау бойынша оқыту шараларын кеңейту қажеттігі атап өтілді.

Қамтамасыз ету және ақпараттық қауіпсіздік

Жиында комитет қызметін құқықтық, кадрлық, қаржылық және материалдық-техникалық қамтамасыз ету мәселелері де сөз болды. Мемлекеттік еңбек инспекторларының кәсіби біліктілігін арттыру, кадрлық әлеуетті нығайту және заманауи техникалық құралдармен жарақтандыру 2026 жылға арналған негізгі міндеттердің қатарында белгіленді.

Сонымен бірге, ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, деректерді қорғау және цифрлық жүйелердің тұрақты жұмыс істеуін қолдау мәселелері талқыланды. Бұл еңбек саласындағы мемлекеттік бақылаудың тиімділігі мен ашықтығын арттыруға бағытталған.

2026 жылға арналған басымдықтар

Панельдік сессия қорытындысы бойынша 2026 жылы жұмыскерлердің еңбек құқықтарын қорғау, еңбек заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету, еңбек дауларын азайту және өндірістік жарақаттану деңгейін төмендету бағытындағы жұмыстарды жалғастыру міндеті қойылды.

Сонымен қатар, өңірлерде жазатайым оқиғалардан жұмыскерлерді міндетті сақтандыру шартын жасау, еңбек шарттарын біріңғай жүйеге енгізу, ұжымдық шарттарды цифрландыру, кәсіптік тәуекелдерді бағалау және профилактикалық бақылау жүргізу жұмыстары да басым бағыттар болып қала береді.

Комитет алдағы кезеңде де мемлекеттік бақылаудың тиімділігін арттыруға, алдын алу шараларын күшейтуге және еңбек саласындағы заңдылық пен әділеттілікті қамтамасыз етуге басымдық бермек.

 

Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Мақұлбаев Жеңіс Тіллабайұлы

 

 

 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/shymkent-enbek-inspekstiaysy/press/news/details/1168442?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді