
Маңғыстау облысында азаматтардың құқықтық көмекке қолжетімділігін арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жалғасуда.
Маңғыстау облысының Әділет департаментінің басшысы А.Н.Каримов Мұнайлы ауданы Басқұдық ауылдық округі әкімінің аппараты ғимаратында, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес және «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында ашылған құқықтық кабинеттің жай-күйімен танысты.
Аталған құқықтық кабинеттер – тұрғындардың құқықтық ақпарат пен мемлекеттік қызметтерге еркін әрі тең қол жеткізуіне арналған маңызды алаң. Тексеру барысында азаматтарға қолжетімді интернет желісінің болуы, «Е-өтініш» жүйесіне және өзге де ақпараттық платформаларға қолжетімділік деңгейі зерделенді. Бұл әрбір азаматтың өз өтінішін уақтылы жолдап, құқықтық мәселелерін цифрлық форматта шешуіне жағдай жасау мақсатында атқарылып жатқан нақты қадам.
Сонымен қатар, құқық қорғау органдарының және заң қауымдастығы өкілдерінің қатысуымен азаматтарды жеке қабылдау ұйымдастырылып, олардың сауалдары тыңдалып, заң аясында шешу жолдары ұсынылды.
Осы бастама азаматтардың құқықтық көмекті алу мүмкіндігін кеңейтуге, мемлекеттік органдардың ашықтығы мен халықпен кері байланысын нығайтуға бағытталған. Әділет департаменті құқықтық көмектің қолжетімді әрі сапалы болуын қамтамасыз ету үшін нақты шаралар қабылдап, тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыруға басымдық беруде.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/adilet-mng/press/news/details/1168031?lang=kk

Жауап қалдыру