
Ақпанның 21–22 күндері Орал қаласында аударыспақтан жастар мен жасөспірімдер арасында ашық қалалық турнир өтті. Екі күнге созылған дүбірлі додаға Батыс Қазақстан облысының бірқатар аудан, ауылдарынан келген командалар қатысып, өзара мықтыны анықтады. Атап айтқанда, Бөкейорда, Ұлттық спорт мектебі, “Орал” спорт клубы, Қаратөбе ауданы, Жәнібек ауданы, Сырым ауданынан қособалық жігіттер және «Сырым батыр» құрама командалары бақ сынады.
Облыс көлеміндегі бәсекеде Сырым ауданының намысын қорғаған палуандар жоғары деңгейде өнер көрсетіп, аудан мерейін үстем етті.
2012–2013 ж.т.
36 кг – Алтынбек Амангелдин – І орын
42 кг – Райымбек Габдрахим – ІІІ орын
2009–2011 ж.т.
42 кг – Сағыныш Құрматов – ІІ орын
42 кг – Абылай Аққұлы – ІІІ орын
48 кг – Расул Қабашев – І орын
54 кг – Асылхан Шарапиев – ІІІ орын
59 кг – Мағжан Жұмажанұлы – ІІ орын
63 кг – Арман Өмір – І орын
68 кг – Әли Бекет – ІІ орын
80 кг – Нұрымжан Баймуханов – І орын
80 кг – Бекзат Алтен – І орын
Бұл – жүйелі дайындық пен табанды еңбектің жемісі. Команданы жарысқа баптап апарған жаттықтырушы Төлеби Қайыржанов, ұлттық спорттың ұланы, ауданда көкпар мен аударыспақ спортын дамытуға сүбелі үлес қосып жүрген білікті бапкер:
– Бұл жеңістер – балалардың маңдай терінің өтеуі. Соңғы жылдары ауданда ұлттық спортқа қызығушылық артып келеді. Біз үшін ең бастысы – жастардың рухын көтеру, намысын жанып, елге қызмет ететін азамат тәрбиелеу. Алдағы уақытта да биік белестерді бағындырамыз деп сенемін», – дейді ол шәкірттері үшін қуанып.
Жас спортшылар жеңіс биігіне жиі шығып жүрсе де, тұрақты дайындық алаңы болмай, тулаған тұлпар таба алмай, бірқатар мәселелерге кезігіп жүргені рас. Шенділер осы мәселені оң жағына шешеді деген үміт оты сөнген жоқ, әлі сығырайып жанып тұр!
Қоңдыкер ЕЛЕУОВ,
“Сырым елі”

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/bko-syrym/press/news/details/1168225?lang=kk

Жауап қалдыру