Полиция қызметкерлері «Статус» түнгі клубының күзет қызметімен бірлесіп, жеке қауіпсіздік және күзет қызметіндегі кеудеге тағылатын бейнекамералардың — body cam — рөлі туралы бейнеролик дайындады.
Түнгі ойын-сауық орындары әрдайым жоғары қауіп аймағы болып саналады. Күзетшілер жиі агрессия мен арандатуларға тап болады, әсіресе келушілер алкогольдік масаң күйде болып, өз әрекеттеріне есеп бере алмайтын жағдайларда. Мұндай сәттерде тек жанжалды болдырмау ғана емес, сонымен қатар қызметкерлерді негізсіз айыптаулардан қорғау да аса маңызды.
Кеудеге тағылатын бейнекамералар мен бейнебақылау жүйелері объективтіліктің сенімді құралына айналуда. Олар оқиғаны нақты уақыт режимінде тіркеп, қызметтік тексеріс немесе даулы жағдай туындаған кезде дәлелдемелік база қалыптастырады. Бейнежазба оқиғалардың хронологиясын қалпына келтіруге, түрлі жорамалдарды болдырмауға және азаматтардың құқықтары мен күзет қызметкерлерінің заңды әрекеттерін қорғауға мүмкіндік береді.
«Кеудеге тағылатын бейнекамералар — ашықтық пен объективтіліктің кепілі. Бейнетіркеу жүргізілетін жерде арандатулар мен негізсіз айыптаулардың тәуекелі төмендейді», – деп атап өтті полиция өкілдері.
Полиция барлық күзет ұйымдарын қызметкерлерді заманауи бейнетіркеу құралдарымен қамтамасыз етуге шақырады. Бұл қауіпсіздік деңгейін арттыру мен құқықбұзушылықтардың алдын алудағы маңызды қадам.
Қауіпсіздік мәселесі — ортақ жауапкершілік. Ал заманауи технологиялар оны қамтамасыз етудегі маңызды серіктеске айналып отыр.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-zhetysu/press/news/details/1167153?lang=kk

Жауап қалдыру