
Теміртау қалалық тарихи-өлкетану мұражайында археологиялық олжаларға арналған көрме ұйымдастырылды. Экспозицияға ғалымдар «Қазақстан пирамидасы» деп атап жүрген Қаражартас кешенінде жүргізілген қазба жұмыстары барысында табылған кейінгі қола дәуіріне тиесілі бірегей артефактілер қойылған.

«Сарыарқаның бірегей артефактілері!» атты көрме — Теміртау тарихи-өлкетану мұражайы мен Сарыарқа археологиялық институтының бірлескен жобасы.

— Өкінішке қарай, Теміртауда археология саласын тереңірек танып-білуге мүмкіндік аз. Біз осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында Сарыарқа археологиялық институтымен бірлесіп, осындай көрме өткізуді жөн көрдік. Теміртау — металлургтер қаласы. Бұл экспозиция өңірде металлургияның б.з. II–III ғасырларында-ақ болғанын айқын дәлелдейді, —деді мұражайдың ғылыми қызметкері Ольга Шувалова.
Көрмеге Қаражартас аумағындағы қазба жұмыстары кезінде табылған жәдігерлер енгізілген. Олардың қатарында еңбек құралдары, өрнек ойылған сүйек бұйымдары, жебе мен найза ұштары бар. Сондай-ақ металл бұйымдарын құюға арналған қалыптар, зергерлік әшекейлер — қапсырмалар мен сақиналар да көпшілік назарына ұсынылған.

— Бұл артефактілердің барлығын соңғы он жыл ішінде академик Е. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің археологтары анықтады. Көрме үшін келушілерге барынша қызықты әрі құнды жәдігерлер іріктелді. Олардың ішінде сирек кездесетін металл пышақтар мен өрнектелген сүйек бұйымдары бар, — деп атап өтті Сарыарқа археологиялық институтының директоры Алексей Кукушкин.

Сонымен қатар экспозицияда Теміртау тарихи-өлкетану мұражайының қорында сақталған қола дәуіріне жататын керамика сынықтары да қойылған.
Көрме 19 наурызға дейін жұмыс істейді. Анықтама телефондары: (8-7213) 93-19-05 және +7-747-185-58-02.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/1167681?lang=kk

Жауап қалдыру