ШЫМКЕНТ: КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ РЕФОРМАНЫҢ БАСЫМДЫҚТАРЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Шымкент қаласындағы Бекжан базары аумағында жергілікті кәсіпкерлер мен тұрғындарға арналған ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Іс-шара барысында конституциялық реформалардың негізгі бағыттары мен мазмұны кеңінен түсіндірілді.

Жиынға спикер ретінде заңгер-кеңесші Ердәулет Тастанбеков қатысты. Ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашы болған конституциялық реформалардың мән-маңызына тоқталды.
Маманның айтуынша, жаңа Конституция жобасына сәйкес Ата Заң мәтінінің 84 пайызына өзгеріс енгізіліп, 77 бап қайта қаралады. Бұл реформалар «Күшті қоғам – Әділетті мемлекет» қағидатын негізге алып, билік тармақтары арасындағы теңгерімді күшейтуге және азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктерін нақтылауға бағытталған.

Спикердің сөзінше, жаңа құжат билік пен халық арасындағы өзара қарым-қатынасты жаңаша сипаттап, қоғамдық сұранысқа жауап береді. Сонымен қатар Парламент құрылымына енгізілетін өзгерістер де назардан тыс қалмады. Алдағы уақытта 145 депутаттан тұратын бір палаталы Парламент – Құрылтай құру ұсынылып отырғаны, сондай-ақ Вице-президент институтын енгізу және Қазақстанның Халық Кеңесі атты консультативтік орган қалыптастыру мәселелері айтылды.

Кездесу барысында некені ер адам мен әйелдің ерікті одағы ретінде бекіту, адвокаттық қызметтің мәртебесін арттыру, азаматтардың құқықтарын цифрлық ортада қорғау сынды нормалардың маңыздылығы түсіндірілді. Сонымен қатар кәсіпкерлердің құқықтары бұзылған жағдайда прокуратура органдары тарапынан заңдылықты тексеру және қорғау шараларын күшейту көзделіп отырғаны жеткізілді.

Іс-шара ашық форматта өтіп, қатысушылар көкейлеріндегі сұрақтарына жауап алды. Жаңа Конституция – мемлекеттің стратегиялық даму бағытын айқындайтын негізгі құжат болғандықтан, оның мазмұны халықпен бірге талқыланып, жалпыұлттық референдум арқылы қабылданатыны атап өтілді. Барлық қатысушылар жаңа құжатқа қолдау білдіретіндіктерін жеткізді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/shymkent/press/news/details/1167912?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді