ШЫМКЕНТТЕ ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕС МҮШЕЛЕРІМЕН КЕЗДЕСУ ӨТТІ

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек қоғамдық кеңес мүшелерімен арнайы кездесу өткізді. Басқосу барысында ұлттық мүдде, мемлекеттік тілдің қоғамдағы рөлі, дін саласындағы өзекті мәселелер, сондай-ақ жаңа Конституциялық реформа аясындағы өзгерістер мен толықтырулар кеңінен талқыланды.
Кездесуде сөз алған қала әкімінің орынбасары қоғамдағы тұрақтылық пен даму ең алдымен ұлттық құндылықтарды сақтау мен заң үстемдігін нығайтудан басталатынын атап өтті.

— Жаңа Конституциялық реформа — ел болашағына бағытталған маңызды қадам. Ондағы өзгерістер азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын кеңейтіп қана қоймай, ғылым мен білімнің дамуына нақты құқықтық негіз қалыптастырады. Бұл — стратегиялық маңызы бар шешім», — деді Сәрсен Абайұлы.

Жиын барысында Шымкент қаласындағы білім беру саласының қазіргі ахуалы, мектептердегі оқушылардың білім алу сапасы, педагог мәртебесі және ғылымды қолдау мәселелері де кеңінен қозғалды. Қатысушылардың айтуынша, қазіргі таңда қоғамда ғылым мен білімге деген сұраныс артып, бұл бағытқа мемлекет тарапынан айрықша көңіл бөлініп отыр. Атап айтқанда, Конституциялық реформада ғылым мен білімге конституциялық мәртебе берілуі — сала өкілдері үшін үлкен серпін. Қаржыландыру тетіктерінің жетілдірілуі, ғылыми зерттеулерді қолдау және білім беру жүйесін дамытуға бағытталған жаңа мүмкіндіктердің ашылуы күтілуде.

Негізгі заң жобасындағы тағы бір тың жаңалық — білім беру және ғылыми ұйымдарға академиялық еркіндік берілуі. Бұл бастама ғалым-педагогтар қауымы тарапынан оң қабылданып, білім беру сапасын арттыруға жол ашады деген пікір айтылды. Академиялық еркіндік оқу бағдарламаларын икемді қалыптастыруға, ғылыми ізденістердің аясын кеңейтуге мүмкіндік бермек.

Сонымен қатар, жиында қоғамдық кеңес мүшелерінің бүгінге дейін атқарған жұмыстары сараланып, алдағы кезеңге арналған жоспарлар таныстырылды. Қоғамдық кеңестің мемлекеттік органдар мен қоғам арасындағы ашық диалогты қамтамасыз етудегі рөлі ерекше екені де айтылды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/shymkent/press/news/details/1167930?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді