
Павлодар қаласындағы «Музыкалық колледж – дарынды балаларға арналған музыкалық мектеп-интернат» кешенінде «TAHM-RAYIS» атты тағылымды шығармашылық концерт өтті. Кеш ұлттық өнерді ұлықтаған мазмұнды мәдени оқиға ретінде өнерсүйер қауымның ыстық ықыласына бөленді.
Шығармашылық кештің ұйымдастырушысы әрі жетекшісі – Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы «Қобыз және баян» кафедрасының оқытушысы Гүлнұр Ғалымқызы Саргизова. Ол шәкірттерімен бірге сахна төрінде кәсіби орындаушылық шеберлігін танытып, қазақтың аспаптық музыкасының көркемдік қуатын айшықтай білді. Кештің концертмейстері, Қазақстан Республикасының Мәдениет саласының үздігі Алмагүл Қонысбаева орындаушыларға жоғары деңгейде сүйемелдеу жасап, әр шығарманың мазмұнын тереңдете түсті.
Бағдарламада қазақ күй өнерінің жауһарлары, соның ішінде Құрманғазы Сағырбайұлы мұрасы және ұлттық музыка өнерінің таңдаулы туындылары орындалды. Көрермендер күйдің философиялық тереңдігін сезініп, дәстүрлі өнердің сахнада жаңаша тыныс алғанына куә болды.
Сондай-ақ, «TÜLEKTER QURILTAYI» жобасы аясында оқу орнының түлегі Мэлс Айым өнер көрсетіп, жас буынға үлгі боларлық шығармашылық жолын паш етті.
«TAHM-RAYIS» концерті дәстүр мен сабақтастықты дәріптеген, ұлттық мұраның өміршеңдігін айқындаған әсерлі рухани кеш ретінде есте қалды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/pavlodar-edu/press/news/details/1168325?lang=kk

Жауап қалдыру