Түркістан облысы әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбек отандық «Tender tech» компаниясының өкілдерімен кездесті. Кездесуде тараптар өңірдің инвестициялық әлеуетін арттыру, экономиканың басым салаларына заманауи технологияларды енгізу және цифрландыру жүйесін дамыту мәселелерін жан-жақты талқылады. Заман талабына сай дайындалған цифрлық трансформация концепциясы кеңінен таныстырылды.
Облыс әкімінің орынбасары ұсыныстар зерделеніп, тиімді жобаларға қолдау болатынын жеткізді.
– Бүгінде цифрландыру – заман талабы. Қағазбастылықтан арылу керек. Біз өңірге озық технологияларды тартуға және инновациялық жобаларды жүзеге асыруға мүдделіміз. Жобаны жан-жақты зерделеп, тиісті сала басшыларына мүмкіндіктерді кеңейту және жеңілдету бойынша ұсыныс дайындауды тапсырамын, – деді Қанат Қайыпбек.
Кездесу барысында компанияның негізін қалаушы Қайрат Қанатбекұлы Түркістан облысы қарыштап дамып келе жатқандықтан, жаңа жүйені енгізуді осы өңірден бастауды жоспарлап отырғанын айтып, жобаны жан-жақты таныстырды.
Сонымен қатар өндіріс, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік және инвестиция салаларында цифрлық шешімдерді енгізу арқылы тиімділікті арттыру және өңірдің бәсекеге қабілеттілігін күшейту бағытындағы ұсыныстар айтылды.
Жауап қалдыру