
Түркістан қаласы әкімі Әзімбек Пазылбекұлының өкімімен Әліпов Мадияр Бақтыбайұлы Түркістан қаласы әкімінің орынбасары лауазымына тағайындалды.
Мадияр Бақтыбайұлы 1987 жылы 4 мамырда Түркістан қаласында дүниеге келген. Мемлекеттік қызмет саласында 18 жылдан астам еңбек өтілі бар тәжірибелі маман. Еңбек жолын Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасында маман болып бастаған.
Сонымен қатар, Түркістан облысының қоғамдық даму басқармасында бөлім басшысы, басқарма басшысының орынбасары, Түркістан облысы әкімі аппаратының ұйымдастыру-инспекторлық бөлімінің басшысы, Сайрам ауданы әкімінің орынбасары қызметтерін атқарған.
Осыған дейін Түркістан облысы әкімі аппаратының қоғамдық-саяси мониторинг бөлімінің басшысы қызметін атқарды.
Жаңа қызметінде Мадияр Бақтыбайұлы Түркістан қаласы әкімдігі құрылымындағы ішкі саясат, мәдениет және спорт, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар, білім салаларына жетекшілік ететін болады.
Қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы жаңадан тағайындалған орынбасарын ұжымға таныстырып, аталған бағыттардың қала үшін стратегиялық маңызы зор әрі жауапты салалар екенін атап өтті. Сонымен қатар, жүктелген міндеттердің маңыздылығын ескере отырып, жаңа қызмет иесінің кәсіби біліктілігі мен басқарушылық тәжірибесіне сенім білдіріп, алдағы жұмысына сәттілік тіледі.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-kalasy/press/news/details/1167374?lang=kk

Жауап қалдыру