
Қазығұрт ауданында экологиялық мәдениетті қалыптастыру, қоршаған ортаны қорғау және тұрғындардың тазалыққа деген жауапкершілігін арттыру мақсатында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында жалпыаудандық сенбілік ұйымдастырылды.
Аудан әкімінің тапсырмасына сәйкес сенбілік барлық ауылдық округтерде бір мезетте өткізіліп, оған мемлекеттік қызметкерлер, білім, денсаулық сақтау, мәдениет саласының мамандары, жастар және ауыл тұрғындары белсенді қатысты. Бұл шара елді мекендердің көркін келтіріп қана қоймай, ортақ іске деген ауызбіршілік пен жауапкершілікті айқындай түсті.
Аудан әкімі Азизхан Исмаилов сенбілік жұмыстарының барысын тікелей бақылап, жүргізілген жұмыстармен танысып, тазалық шаралары тек бір күндік науқан емес, тұрақты түрде жалғасатын маңызды міндет екенін атап өтті және аудан тұрғындарын туған жерді таза ұстауға, қоршаған ортаға жанашырлықпен қарауға шақырды.
Сенбілік барысында көше бойлары, аулалар, саябақтар мен қоғамдық орындардағы тұрмыстық қалдықтар жиналып, ғимараттардың қасбеттері ретке келтірілді. Қураған ағаштар мен бұталар кесіліп, арық-атыздар тазартылды. Сонымен қатар, абаттандыру және көріктендіру жұмыстары жүргізіліп, аудан келбетінің сәнін арттыруға бағытталған бірқатар шаралар атқарылды.
Тазалық науқаны барысында жиналған қоқыс қалдықтары арнайы коммуналдық техникалардың көмегімен шығарылып, тұрмыстық және құрылыс қалдықтары белгіленген полигондарға жеткізілді.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/1167444?lang=kk

Жауап қалдыру