
Облыс әкімі Асхат Шахаров және облыс прокуроры Марат Әбішевтің төрағалығымен төтенше жағдайлардың алдын алу және олардың салдарын болдырмау мәселелері бойынша көшпелі алқа отырысы өткізілді. Басқосуға алқа мүшелері, құқыққорғау, атқарушы және уәкілетті органдардың басшылары, сондай-ақ қоғам белсенділері қатысты. Аудан прокурорлары мен әкімдері бейнеконференция арқылы қосылды.
Отырыста су басу қаупі бар аумақтарда атқарылып жатқан алдын алу жұмыстарының барысы, азаматтық қорғау күштері мен құралдарының дайындығы, сондай-ақ ықтимал төтенше жағдайларға жедел ден қою тетіктері жан-жақты талқыланды.
Өңір басшысы көктем мезгіліндегі өзекті мәселенің бірі халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұған дейін аппарат мәжілісінде су тасқынының алдын алу жұмыстары мен оған дайындық барысы қаралып, жауапты органдарға нақты тапсырмалар берілген.
Отырыс барысында облыстық прокуратура өкілдері, облыстық Төтенше жағдайлар департаменті, Ақтөбе облысы бойынша «Қазсушар» және «Қазавтожол» филиалдарының басшылары баяндама жасап, өңірдің су тасқынына дайындығы, инфрақұрылымдық нысандардың жай-күйі, гидротехникалық құрылыстардың қауіпсіздігі, республикалық және жергілікті маңызы бар автожолдардағы су өткізу жүйелерінің жағдайы туралы баяндады.
Қазіргі уақытта су тасқыны жағдайларына жедел әрекет ету үшін 2 мыңнан астам қызметкер, 800-ден астам техника бірлігі, 8 әуе кемесі дайындыққа келтірілді. Сонымен қатар 19 бірлік техника (аэроқайықтар, жедел әрекет ету автокөлігі, гидроциклдер мен қайықтар) сатып алынды.
Өңірде жедел штабтар құрылып, «жедел желі» жұмысы қамтамасыз етілді, тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылды.
Жиын қорытындысында жауапты мекемелерге су тасқыны кезеңіне дейін алдын алу шараларын күшейту, күш пен құралдарды толық дайындыққа келтіру және «Заң мен тәртіп» қағидатын қатаң сақтау жөнінде нақты тапсырмалар берілді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe/press/news/details/1168139?lang=kk

Жауап қалдыру