ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯ – ЕЛ БОЛАШАҒЫНА БАСТАР ҚҰҚЫҚТЫҚ БАҒДАР

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Қазақстан Республикасындағы конституциялық реформаны түсіндіру мақсатында Шымкент қаласындағы Политехникалық колледж ұжымының қатысуымен дөңгелек үстел өтті. Кездесу барысында жаңа Конституция жобасының негізгі бағыттары, оның қоғам дамуына ықпалы және болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілік мәселелері кеңінен талқыланды.

Іс-шарада Конституцияның ұлттық құндылықтармен өзара сабақтастығына ерекше назар аударылды. Қатысушылар Ата Заңның тек мемлекеттік құқықтық құжат қана емес, ұлттың рухани тірегі екенін атап өтіп, оның әрбір нормасы елдің тарихи тәжірибесі мен стратегиялық даму бағдарын қамтуы тиіс екенін айтты. Дөңгелек үстелде Қазақстан Халық кеңесінің рөлі де жан-жақты түсіндірілді. Кеңес құрамындағы 126 мүшенің 42-сінің өзге этнос өкілдерінен сайлануы қоғамдағы бірлік пен келісімді нығайтуға бағытталған маңызды қадам екені атап өтілді. Бұл бастама «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының нақты жүзеге асып жатқанын көрсететіні айтылды.

Сонымен қатар, Конституцияның 3-бабында көрсетілген мемлекеттік қызметтің негізгі қағидаттарына тоқтала келе, ғылым мен білімді дамыту әрдайым мемлекеттің басым бағыты болғаны, ал жаңа Конституцияда бұл салалардың стратегиялық маңызы нақты айқындалғаны айтылды. Адами капиталды дамыту, білім, ғылым және инновацияны қолдау, зияткерлік меншік құқығын қорғау еліміздің ұзақ мерзімді дамуының басты тіректерінің бірі ретінде белгіленген.

Жиын барысында спикерлердің бірі, «Шымкент келбеті» газетінің бас редакторы Айдар Құлжанов конституциялық реформаның маңыздылығына тоқталып:
– Конституция бүгін өзгеріп, ертең өмір бірден өзгеріп кетпейді. Алайда жүйелі реформалар уақыт өте келе өз нәтижесін береді. Бұл өзгерістер ғасырдың ортасына қарай тұрақты әрі әділетті қоғам қалыптастыруға негіз болады, – деді.

Ал Қазақстан Республикасы ІІМ Б.Момышұлы атындағы оқу орталығының арнайы пәндер циклының аға оқытушысы, заң ғылымдарының магистрі, полиция полковнигі Айболат Маймақов жаңа Конституция Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» басқару моделін іске асыруға берік құқықтық негіз қалыптастыратынын атап өтті.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/shymkent/press/news/details/1168073?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді