
Қазақстанның авиация саласы негізгі көрсеткіштер бойынша тұрақты өсім көрсетіп келеді. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары Роман Скляр, Президент Әкімшілігінің, ҚР Үкімет Аппаратының өкілдері, КМ-не қарасты ұйымдардың басшылары және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері қатысқан Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің алқа отырысында айтылды.
2025 жылғы желтоқсанда Мемлекет басшысы өткізген кеңесте нақты тапсырмалар беріліп, саланы дамытудың кешенді үш жылдық жоспары бекітілген болатын. Бұл авиация саласының еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы стратегиялық маңызын, өңірлердің көлік қатынасын қамтамасыз етудегі, халықаралық байланыстарды нығайтудағы және Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын арттырудағы рөлін айқындайды.
2025 жылдың қорытындысы бойынша еліміздегі әуежайларда 31,8 млн жолаушыға қызмет көрсетілді (2024 жылы – 29,7 млн) және 173,3 мың тонна жүк тасымалданды (алдыңғы жылы – 170,9 мың тонна). Әуе компанияларының жалпы жолаушылар ағыны 20,7 млн адамды құрады, оның ішінде 15,4 млн жолаушыға отандық тасымалдаушылар арқылы қызмет көрсетілді.
«Салалық көрсеткіштердің өсуімен қатар қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Қазақстанның авиациялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық стандарттарға сәйкестік деңгейі 95,7%-ды құрады, бұл әлемдік және өңірлік орташа көрсеткіштерден айтарлықтай жоғары әрі әлемнің ТОП-20 елінің қатарына кіреді. Жолаушылардың құқықтарының сақталуын бақылау күшейтілді: тасымалдаушылар мен әуежайларға 27 жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, әкімшілік ықпал ету шаралары қолданылды. ҚазМұнайГаз-Аэро компаниясының отын жеткізілімдеріне тікелей қолжетімділігі қамтамасыз етілді, бұл өз кезегінде авиаотынның тоннасының орташа бағасын төмендетуге мүмкіндік берді», – деп мәлімдеді Көлік вице-министрі Талғат Ластаев.
2025 жылы 994 тексеру жүргізіліп, 960 рұқсат беру құжаты берілді. Тергеу жүйесін күшейту мақсатында еліміздің басшылығының қолдауымен авиациялық оқиғаларды тергеу жөніндегі Мамандандырылған орталық құрылды. Бұл бағытта халықаралық стандарттарға сәйкестік деңгейін 80%-ға дейін арттыру міндеті қойылды.
Ішкі әуе тасымалдарын Қазақстанның бес әуе компаниясы 56 бағыт бойынша жүзеге асыруда. Қашық орналасқан өңірлердің көлікке қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін субсидиялау тетігі қолданылуда: 2025 жылы 23 бағытқа қолдау көрсетіліп, шамамен 520 мың жолаушы тасымалданды. 2026 жылы желіні одан әрі кеңейте отырып, 24 бағытты субсидиялау көзделген.
Цифрлық шешімдер қарқынды енгізілуде: төлқұжаттық бақылаудың автоматтандырылған жүйелері, жолаушыларды биометриялық сәйкестендіру және жүктерді өңдеу уақытын бір тәуліктен бір сағатқа дейін қысқартқан e-Freight халықаралық стандарты. Сондай-ақ Urban Air Mobility-ді дамыту бойынша жұмыстар жүргізілуде – оның ішінде ұшқышсыз ұшу аппараттары мен eVTOL технологияларын пайдалану үшін нормативтік-құқықтық базаны дайындау, сондай-ақ вертипорттар құру.
Қазіргі уақытта салада шамамен 25 мың адам еңбек етеді, жыл сайынғы қажеттілік 600-ден астам маманды құрайды. Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында халықаралық серіктеспен бірлесіп, азаматтық авиацияның сертификатталған оқу орталығын құру жоспарлануда.
2025 жылғы шілдеде ИКАО Кеңесі Президенті Сальваторе Шаккитаноның Қазақстанға жасаған алғашқы ресми сапары барысында азаматтық авиацияны 2050 жылға дейін дамыту жөніндегі Мастер-жоспарды бірлесіп әзірлеу туралы декларацияға қол қойылды. 2026 жылғы ақпан-наурыз айларында жобаны жүзеге асыруды бастау үшін ICAO сараптамалық миссиясы келеді. Сондай-ақ Қазақстан 2026 жылғы қарашада ICAO Кеңесіне сайлауға қатысуды жоспарлап отыр.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/transport/press/news/details/1169468?lang=kk

Жауап қалдыру