
Жаңасемей ауданы коалициясының мүшелері халықпен кездесулерін жалғастыруда. Кезекті жұмыс сапары аясында коалиция өкілдері Шүлбі кентіндегі жалпы орта білім беретін мектеп ұжымымен жүздесті.
Кездесудің басты мақсаты — алдағы республикалық референдумның маңыздылығын түсіндіру және Конституцияға енгізілетін негізгі өзгерістерді талқылау. Жиын барысында білім беру саласының қызметкерлеріне мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту, әлеуметтік кепілдіктерді нығайту және азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктерін кеңейту бағыттары егжей-тегжейлі таныстырылды.
Коалиция мүшелері атап өткендей, жаңартылған Ата Заң — «Мемлекет адам үшін» қағидатын іске асырудың негізі. Мектеп ұжымы реформаларға қатысты өз ойларын ортаға салып, педагогтардың мәртебесі мен болашақ ұрпаққа берілетін білім сапасын арттыру мәселелері төңірегінде пікір алмасты.
Кездесу соңында ұйымдастырушылар кент тұрғындарын 15 наурыз күні өтетін референдумға белсенді қатысуға шақырды. «Әрбір дауыс — елдің ертеңгі даму бағытын айқындайтын маңызды қадам»,- деп түйіндеді коалиция өкілдері.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/maslihat-zhanasemey/press/news/details/1169235?lang=kk

Жауап қалдыру