Конституциялық реформа – заман талабы мен цифрлық болашақ

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Абай орта мектебінде еліміздің негізгі заңына енгізілетін өзгерістерді талқылау мақсатында білім беру саласының қызметкерлерімен мазмұнды кездесу өтті. Жиынның басты мақсаты – Конституцияның жаңа жобасын таныстыру және алдағы 15 наурызда өтетін республикалық референдумның маңызын түсіндіру болды.
Кездесу барысында мектеп ұжымының назары реформаның ең өзекті бағыттарының бірі – ақпараттық технологиялар саласындағы азаматтардың құқықтарына аударылды. Жаңа жобада цифрлық кеңістіктегі адам құқықтары мен мемлекет пен азамат арасындағы жаңа форматтағы қарым-қатынастар нақты айқындалған.
Ұстаздар қауымы бұл өзгерістерді Конституцияның қазіргі заман талабына сай әзірленгендігінің айқын дәлелі деп бағалады. Бұл — білім беру жүйесі толықтай цифрландыруға көшіп жатқан кезеңде педагогтар мен оқушылардың құқықтық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін маңызды қадам.
Жиынға қатысушылар 15 наурызда өтетін республикалық референдумның маңыздылығын талқылады. Бұл науқан — әрбір азаматтың мемлекетті басқару ісіне тікелей қатысуына және елдің болашақ даму бағытын айқындауға берілген зор мүмкіндік.
Мектеп ұжымы кездесу барысында бейжай қалмай, жаңа жобаға қатысты өздерін толғандырған сауалдарын қойды. Пікір алмасу форматында өткен жиын ұстаздардың саяси сауаттылығы мен ел ертеңіне деген жанашырлығын көрсетті.
«Біз тек шәкірт тәрбиелеп қана қоймай, құқықтық мемлекеттің іргетасын қалауға да атсалысуымыз керек. Жаңа Конституциядағы технологиялық үдерістерге қатысты нормалар — біздің цифрлық әлемдегі қорғанымыз», – деді мектеп ұстаздары.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-bayzak/press/news/details/1169309?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді