Нұрдәулет Қилыбай «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының басқарма төрағасын қабылдады

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Бүгін, 25 ақпан күні Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ басқарма төрағасы Фархат Сарсекеевті қабылдады. Кездесу барысында өңірдегі кәсіпкерлікті дамыту тетіктері, шағын және орта бизнесті мемлекеттік қолдау шаралары, сондай-ақ бірлескен жобаларды іске асыру перспективалары жан-жақты талқыланды.

Жиында Маңғыстау облысында мемлекеттік бағдарламалар аясында жүзеге асырылып жатқан қолдау шараларының нәтижелері ұсынылды. Жалпы алғанда, өңірде 13,9 мың жобаға 677,3 млрд теңге көлемінде қаржылай қолдау көрсетілген. 2025 жылдың өзінде 564 жоба 70,5 млрд теңгеге қаржыландырылып, кәсіпкерлердің бастамаларын жүзеге асыруына нақты мүмкіндік берілді.

Сонымен қатар «Даму» қоры жанынан құрылған кепілдік қорлары, «Өрлеу» және «Іскер Аймақ» бағдарламалары аясында кәсіпкерлерге жеңілдетілген әрі қолжетімді қаржыландыру тетіктері ұсынылуда. Бұл бағыттағы жұмыстарға ҚР Үкіметі мен «Бәйтерек» ұлттық инвестициялық холдингі тарапынан жүйелі қолдау көрсетіліп келеді.

Өңір басшысы соңғы жылдары тұрғындардың кәсіпкерлікке деген қызығушылығы артып отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, аймақта экономиканы әртараптандыруға, соның ішінде логистика, ауыл шаруашылығы және туризм салаларын дамытуға басымдық берілуде.

– Бүгінде халық мұнай саласына ғана сүйенбей, шағын және орта бизнесті дамытуға бет бұрып отыр. Бұл – өңір экономикасының тұрақтылығы мен жаңа жұмыс орындарының көбеюіне негіз болады. Осы уақытқа дейін көрсетілген қолдау үшін алғыс білдіреміз. Алдағы уақытта да халық игілігі үшін бірлескен жобаларды нәтижелі жүзеге асырамыз деп сенемін, – деді Нұрдәулет Қилыбай.

Кездесу қорытындысында тараптар кәсіпкерлікті қолдау бағытындағы ынтымақтастықты одан әрі күшейтуге уағдаласты.

Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mangystau/press/news/details/1169385?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді