ҚР АШМ агроөнеркәсіптік кешеннің өсу қарқыны бойынша көшбасшы өңірлерді атады

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Ауыл шаруашылығы министрлігінде 2025 жылғы агроөнеркәсіптік кешеннің даму қорытындылары және 2026 жылға арналған міндеттер бойынша кеңейтілген алқа отырысы өтті.

Отырысқа Батыржан Байжұманов – Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы, Президент Әкімшілігінің, Үкімет Аппаратының, Атамекен ҰКП өкілдері, бірқатар министрліктердің вице-министрлері, ҮЕҰ мен бизнес өкілдері, облыс әкімдерінің орынбасарлары, сондай-ақ ведомствоның аумақтық бөлімшелерінің басшылары қатысты.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов жылдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі артқанын хабарлады. Өсімдік шаруашылығында өндіріс 7,8%-ға, мал шаруашылығында 3,3%-ға өсті.

Орташа өнімділік 16,3 ц/га құрады, таза салмақта 25,9 млн тонна дәнді дақыл жиналды, оның ішінде 19,3 млн тоннасы – бидай. Майлы дақылдардан рекордтық 4,9 млн тонна, бұршақ дақылдарынан 1 млн тонна өнім алынды. 2,8 млн тонна картоп және 3,7 млн тонна көкөніс жиналды. Шитті мақтаның жалпы түсімі 466 мың тоннаға жетіп, соңғы 18 жылдағы ең жоғары көрсеткішке қол жеткізілді.

2024–2025 маркетингтік жылы 15,3 млн тонна астық экспортталды, бұл алдыңғы кезеңмен салыстырғанда 60%-ға жоғары және соңғы 20 жылдағы ең жоғары көрсеткіш болып табылады.

Егіс алқаптарын әртараптандыру шеңберінде бидай алқабы шамамен 900 мың гектарға қысқартылды. Бұл ретте бұршақ дақылдарының алқабы 275 мың гектарға, майлы дақылдар алқабы 1 млн гектардан астамға ұлғайтылды.

2025 жылы 1,8 млн тонна минералды тыңайтқыш енгізілді, элиталық тұқымдардың үлесі 11,6%-ға жеткізілді. Ауыл шаруашылығы техникасының лизингі көлемі алғаш рет 250 млрд теңгеге жетті: 25 мың бірлік техника сатып алынды, машина-трактор паркінің жаңару деңгейі 6,5%-ға дейін өсті.

Алқа отырысында өңірлердің ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемін екі есеге арттыру жөніндегі Жол картасы индикаторларын орындауына ерекше назар аударылды.

Өсу қарқыны бойынша Батыс Қазақстан, Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстары көшбасшы деп танылды. Артта қалған өңірлерге белгіленген көрсеткіштерге уақтылы қол жеткізу, ведомствоаралық үйлестіруді күшейту және саланы дамытудың стратегиялық бағыттарына ресурстарды шоғырландыру қажеттігі көрсетілді.

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Жол картасы әр өңір бойынша саланың даму басымдықтарын айқындайтын негізгі құжат екенін атап өтті.

«Жекелеген облыс әкімдерінің орынбасарлары тарапынан тапсырмаларды орындауға формалды көзқарас танытуға жол берілмейді. Әрекетсіздік тиісті шаралар қабылдана отырып, лауазымдық міндеттерді тиісінше орындамау ретінде қаралатын болады», — деді Айдарбек Сапаров.

Алқа қорытындысы бойынша ірі жер пайдаланушыларды мал шаруашылығын дамыта отырып, аралас шаруашылық жүргізу моделіне көшіру арқылы жыл бойы жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету және жер ресурстарын пайдалану тиімділігін арттыру, қайта өңделген өнім үлесін ұлғайту жөніндегі шараларды іске асыру, мемлекеттік қолдау, жеңілдетілген кредиттеу және инвестициялық субсидиялау құралдарын барынша пайдалану, сондай-ақ ветеринариялық және фитосанитариялық қауіпсіздікті нығайту бағытындағы жүйелі жұмысты жалғастыру тапсырылды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/moa/press/news/details/1169476?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді