
Түркістан қаласы әкімінің аппарат басшысы Қуаныш Әлібековтің төрағалығымен кеңейтілген мәжіліс өтті. Жиынға қала әкімдігіне қарасты салалық бөлімдердің басшылары, 6 сектор жетекшілері және жауапты мамандар қатысты.
Мәжіліс күн тәртібінде уәкілетті орган тарапынан Түркістан қаласының мониторинг және жедел әрекет ету орталығының 2025 жылы атқарған жұмыстарының қорытындылары мен алдағы кезеңге арналған жұмыс жоспары қаралды. Аталған бағыттар бойынша атқарылған шаралардың тиімділігіне талдау жасалып, жұмыс үдерістерін жетілдіру жолдары пысықталды.
Сондай-ақ, 6 сектор қызметкерлерінің жұмыс сапасын әр тоқсан сайын бағалауға арналған «Индикатор» жобасын бекіту мәселесі талқыланды. Аталған құжат қызметкерлер қызметінің нәтижелілігін жүйелі түрде талдауға, нақты көрсеткіштер арқылы бағалауға және басқарушылық шешімдер қабылдауға негіз болмақ.
Ұсынылған бағалау жүйесі 7 негізгі бағытты қамтиды. Атап айтқанда, қаржы саласы, әлеуметтік қамтамасыз ету, қоғамдық-саяси ахуал, сәулет және құрылыс, қоршаған ортаны қорғау және жер қатынастары, инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, сондай-ақ өзге де бағыттар бойынша барлығы 18 индикатор айқындалған.
Аппарат басшысы Қуаныш Әлібеков өз сөзінде қызметкерлерді бағалау үдерісінің басты мақсаты тек кемшіліктерді анықтау емес, әр қызметкердің ортақ нәтижеге қосқан үлесін саралау, кәсіби дамуына бағыт-бағдар беру және еңбек өнімділігін арттыру екенін атап өтті.
Сонымен қатар бағалау тетігінің жаңа қабылданған қызметкерлердің сынақ мерзімінен өту кезеңінде, тоқсан сайынғы және жартыжылдық қорытындыларды шығару барысында, сондай-ақ кадрлық тұрақтылықты қамтамасыз ету бағытында маңызды құрал ретінде қолданылатыны түсіндірілді.
Мәжілісті қорытындылаған аппарат басшысы 6 сектор басшылары мен жауапты мамандарға индикаторлық бағалау жүйесін кезең-кезеңімен тәжірибеге енгізу, көрсеткіштердің орындалуын тұрақты бақылауда ұстау және анықталған мәселелер бойынша нақты ұсыныстар әзірлеу жөнінде тиісті тапсырмалар берді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-kalasy/press/news/details/1169395?lang=kk

Жауап қалдыру