
Таяу күндері Шалқар қаласында жаңа спорт ғимараты пайдалануға беріледі.
В.Н. Цеханович атындағы №1 балалар-жасөспірімдер спорт мектебіне қарасты нысан – екі қабатты. Кешенде ойын спорты залы, бокс және күрес залдары, жаттығу бөлмелері мен әкімшілік блок қарастырылған. Ғимаратта бір мезетте жүзден аса адам жаттыға алады, ал негізгі залда 150 орындық көрермен трибунасы бар.
Айтып өтейік, 2023 жылы қазан айында Шалқар ауданына жасаған жұмыс сапарында облыс әкімі Асхат Шахаров спорт мектебін бұзып, қайта салу туралы тапсырма берген еді.
Спортшылардың ұстаханасына айналған Цеханович мектебінің ғимараты 1904 жылы локомотив депосының асханасы ретінде салынған. 1971 жылы асхана спорт мектебінің күрес залына бейімделді. Бүгінде мұнда 900-ге жуық бала жаттығуда.
Жоба Президенттің бұқаралық спортты дамыту және спорт инфрақұрылымын кеңейту аясында іске асырылды. Жауаптылардың мәліметінше, нысанның ашылуы жас спортшылардың жаттығуына және жарыстар өткізуге жаңа мүмкіндік береді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe/press/news/details/1169281?lang=kk

Жауап қалдыру