
Жетісу облысында қараусыз жүрген жануарлар санын азайту мақсатында оларды аулау жұмыстары тұрақты жүргізілуде. «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заң аясында чиптеу, вакцинациялау және стерилизациялау шаралары жүзеге асырылады. Аулау жұмыстары ықтимал шоғырлану орындарын мониторингтілеу негізінде бекітілген кестеге сәйкес, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалардың өтініштері бойынша жүргізіледі, – деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Облыстық ветеринария басқармасының мәліметінше, барлық ветеринариялық-санитариялық іс-шаралар қолданыстағы нормативтік ережелер мен жануарларға ізгілікпен қарау талаптарын қатаң сақтай отырып жүргізіледі. Атап айтқанда, өткен жылы өңірде 11 мыңнан астам қаңғыбас жануар ауланған. Қараусыз жануарлар мәселесі әлі де өзекті болғандықтан, бұл бағыттағы жұмыс биыл да жалғасын табуда:
– Бүгінгі күнге 1126 қаңғыбас ит ауланды. Оның ішінде иесі бар 98 ит иелеріне қайтарылды. Осыған байланысты иелеріне қатысты әкімшілік шаралар қабылданып жатыр. Сонымен қатар учаскелік полиция инспекторларымен бірлесіп, жануарларды ұстау қағидаларын бұзған жағдайда жауаптылықты түсіндіруге бағытталған профилактикалық рейдтер тұрақты жүргізілуде. Жалпы, чиптеу, стерилизациялау мен вакцинациялау рәсімдерінен кейін жануарлар табиғи мекендеу ортасына қайта апарылады, алайда бірнеше күн бойы агрессиясы басылмаған жағдайда олар жансыздандырылады. Бұл шаралардың барлығы ашық конкурс қорытындысы бойынша мемлекеттік сатып алу порталында айқындалатын мердігер ұйымдар арқылы жүзеге асырылады, – деп атап өтті облыстық ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Дархан Әбілбаев.
Атап өтсек, облыс аумағында қаңғыбас жануарларға арналған ресми баспаналар жоқ. Дегенмен аудандарда, сондай-ақ Талдықорған және Текелі қалаларында уақытша ұстау пункттері жұмыс істейді.
Жетісу облысында қаңғыбас жануарлардың санын реттеу жұмыстары жалғасуда, ерекше бақылауда тұр.
Қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулауға өтінімдер келесі нөмірлер бойынша қабылданады: 8 708 332 42 01, 8 778 007 70 89 және Жетісу облысының «109 қызметі» бірыңғай байланыс орталығы арқылы.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фототілші: Дмитрий Ерофеев

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhetysu-oblysy/press/news/details/1169506?lang=kk

Жауап қалдыру