
Жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу – бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі. Өскелең ұрпақтың заң талаптарын құрметтеп, қоғамда өзін дұрыс ұстауы – ортақ міндет.
Осы бағыттағы жұмыстар аясында Атырау облысы Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Құттыбай Садықов Дінмұхаммед Қонаев атындағы Binom School мектеп-лицейінің білім алушыларымен еркін форматта кездесу өткізді. Іс-шараның басты мақсаты – жасөспірімдердің құқықтық мәдениетін қалыптастырып, заң талаптарын түсіндіру.
Кездесу барысында кәмелетке толмағандар арасында орын алатын құқық бұзушылық түрлері, олардың қоғам мен жеке тұлғаға тигізер зардаптары жан-жақты талқыланды. Сондай-ақ қоғамдық орындарда өзін-өзі ұстау әдебі, қауіпсіздік қағидаларын сақтау, интернет кеңістігіндегі жауапкершілік мәселелері де сөз болды. Жиын соңында оқушылар көкейіндегі сауалдарын қойып, нақты әрі түсінікті жауаптар алды.
– Жасөспірімнің дұрыс бағытта қалыптасуы үшін ата-ана, ұстаз және полиция қызметкерлері бірлесе әрекет етуі қажет. Сонда ғана құқық бұзушылықтың алдын алып, қауіпсіз орта қалыптастыра аламыз, – деді полиция полковнигі Құттыбай Садықов.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-atyrau/press/news/details/1169657?lang=kk

Жауап қалдыру