
Түркістан қаласының Яссы секторында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік жәрмеңкесі өтті.
Жәрмеңкеге Шардара, Жетісай, Мақтаарал және Сауран аудандарынан келген ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері қатысып, өз өнімдерін тікелей саудаға шығарды. Сонымен қатар, «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ның тұрақтандыру қоры арқылы жеткізілген 50 тоннаға жуық азық-түлік өнімдері ұсынылды.
Сауда сөрелерінде ет және сүт өнімдері, қаймақ, жұмыртқа, көкөністер, сондай-ақ күнделікті тұтынуға қажетті өзге де тауарлар қойылды. Барлық өнімдер делдалсыз, тікелей өндірушілерден жеткізіліп, нарықтағы бағадан 30–50 пайызға дейін төмен бағада сатылды.
Аталған жәрмеңке тұрғындарға әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерін тиімді бағамен сатып алуға мүмкіндік берді. Ұйымдастырушылардың мәлімдеуінше, бағаны тұрақтандыруға бағытталған мұндай шаралар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасатын болады. Сонымен қатар, бұл бастама жергілікті ауыл шаруашылығы өндірушілеріне өз өнімдерін тікелей тұтынушыға ұсынып, өткізу нарығын кеңейтуге және өндіріс көлемін арттыруға жағдай жасайды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-kalasy/press/news/details/1171635?lang=kk

Жауап қалдыру