
Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы жобасын түсіндіру мақсатында Бекболат Орынбеков Кеңес ауылдық округіне қарасты Айдарлы ауылындағы клубта жергілікті тұрғындармен кездесу өткізді. Іс-шараға ауыл ақсақалдары, жастар, бюджет саласы қызметкерлері және белсенді тұрғындар қатысты.
Жиын барысында депутат Конституция жобасында көзделген негізгі өзгерістер мен толықтыруларға кеңінен тоқталды. Атап айтқанда, заң үстемдігін нығайту, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктерін күшейту бағытындағы бастамалар түсіндірілді. Сондай-ақ, ұсынылып отырған реформалардың ел дамуына серпін беріп, құқықтық жүйенің ашықтығы мен тиімділігін арттыруға ықпал ететіні атап өтілді.
Кездесу ашық диалог форматында өтті. Тұрғындар өздерін толғандырған сауалдарын қойып, нақты жауаптар алды. Әсіресе әлеуметтік қолдау, жергілікті басқару, азаматтардың конституциялық құқықтарын іске асыру тетіктері жөнінде мазмұнды пікір алмасу болды. Бұл өз кезегінде халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруға және конституциялық реформалардың мәнін тереңірек түсінуге мүмкіндік берді.
Жиынға аудан әкімінің орынбасары Мейірхан Тулеулиев те қатысып, жаңа Конституция жобасының стратегиялық маңыздылығына тоқталды. Ол жергілікті деңгейде ақпараттық-түсіндіру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасатынын жеткізіп, азаматтардың белсенді қатысуы маңызды екенін атап өтті.
Кеңес ауылдық округінің тұрғындары кездесуге белсенді қатысып, өз пікірлері мен ұсыныстарын білдірді. Ашық әрі мазмұнды өткен жиын қоғам мен билік арасындағы байланысты нығайтуға, реформалардың ашық талқылануына жол ашты.
Алдағы кезеңде де Конституция жобасын кеңінен насихаттау және түсіндіру бағытындағы кездесулер жалғасатын болады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-moyynkum/press/news/details/1170855?lang=kk

Жауап қалдыру