
Бес күнде 1100-ден астам заң бұзушылық: ШҚО полицейлері тасымалдаушыларды тексерді
Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаменті 21-25 ақпан аралығында өткен «Тасымалдаушы» жедел-профилактикалық іс шарасының қорытындысын шығарды.
Аталған кезеңде жол жүрісі қағидаларын бұзудың 1186 дерегі анықталды. Жолаушылар мен багажды тасымалдауды жүзеге асырған 93 көлік құралын пайдалануға тыйым салынды, 28 автомобиль мамандандырылған тұрақтарға қойылып, 65 мемлекеттік тіркеу нөмірі белгісі тәркіленді.
Рейдтер барысында 32 заңсыз тасымалдаушының қызметі тоқтатылды, оның 30— такси жүргізушілері. Бұл ретте төрт жүргізуші жолаушыларды заңнама талаптарына қайшы келетін, рөлі оң жақта орналасқан автокөліктермен тасымалдаған.
Сонымен қатар, көлік құралын масаң күйде басқарудың 14 фактісі, қарсы бағытқа шығудың 10 жағдайы, техникалық ақауы бар көліктердің пайдаланудың 133 дерегі және жолаушыларды тасымалдау мен қауіпсіздік белдігін пайдалану қағидаларын бұзудың жүздеген фактілері тіркелді.
Тексерумен 29 автобус паркі мен өзге де ұйымдардың қызметі, сондай-ақ 1228 жүргізуші қамтылды. Бірқатар жағдайларда көлік құралын басқаруға медициналық қарсы көрсетілімдері бар адамдарды жіберу деректері анықталды.
ШҚО Полиция департаменті жолаушылар қауіпсіздігі тасымалдаушылардың тәртібі мен жауапкершілігіне тікелей байланысты екенін атап өтті. Жолаушылар тасымалы саласындағы заңнаманың сақталуын бақылау алдағы уақытта да жалғасады.
ШҚО ДП баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-vko/press/news/details/1170684?lang=kk

Жауап қалдыру