
Болашақ тәртіп сақшылары: «Жас сақшы» сыныптарындағы бір күн
«TV School» тілшілері болашақ заң сақшылары тәрбиеленіп жатқан арнайы полиция сыныптарына барып қайтты.
Бұл жай ғана сабақ емес — мұнда балалардың мінезі қалыптасып, тәртіпке үйренеді және жауапкершілікті сезіне бастайды. Оқушылар құқық негіздерін оқып, сап түзеп жүруді үйренеді және полиция жұмысының қыр-сырымен танысады. Олар бүгіннен бастап-ақ өз мамандықтарына алғашқы нық қадамдарын жасап жатыр.
Шығыс Қазақстан облысында «Жас сақшы» жобасы 2024 жылы басталған болатын. Аз уақыт ішінде бұл бастама үлкен қолдауға ие болды: бүгінде облыс бойынша 20 мектепте 25 арнайы сынып ашылып, онда 418 оқушы білім алуда.
Бұл балалар — өз жолын саналы түрде таңдаған, алдына мақсат қоя білетін жастар. Олар мектеп өміріне белсене қатысып, тәртіптілігімен және заңға деген құрметімен ерекшеленеді. Көпшілігі үшін бұл жай ғана оқу емес, болашақ мамандыққа деген үлкен дайындық.
Тілшілеріміз оқушылармен сөйлесіп, олардың неліктен бұл жолды таңдағанын сұрап көрді. Балалар сабақ пен қосымша дайындықты қалай үлгеріп жүргендерін және болашақта кім болғысы келетіндерін айтып берді. Көбісі нық сеніммен:
«Елге қызмет етіп, тәртіпті қорғағымыз келеді!» — дейді.
Полиция сыныптары — бұл жастарды отансүйгіштікке тәрбиелейтін және қоғам алдында жауапкершілікті сезінуге үйрететін таптырмас жоба.
ШҚО ДП баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-vko/press/news/details/1170813?lang=kk

Жауап қалдыру