Ағымдағы жылдың 25 ақпан күні аудандық архив саласына қатысты маңызды жиын өтті. Өзекті мәселелер талқыланған жиында бірқатар маңызды түйткілдер көтерілді. Жиынға аудан әкімінің орынбасары Тоқмамбетов Серік Әнуарұлы төрағалық етіп, архив құжаттарын сақтау мен уақытылы тапсыру тәртібінің маңыздылығына ерекше назар аударылды.
Бүгінде кейбір мекемелер тарапынан құжаттарды архивке уақытылы тапсыру жұмыстары толық деңгейде жүргізілмей отырғаны айтылды. Мұндай немқұрайлылық болашақта мекеме қызметкерлеріне қажетті анықтамалар мен құжаттарды алуда қиындықтар туғызуы, сондай-ақ аудан тарихына қатысты маңызды деректердің жоғалуына әкелуі мүмкін.
Кездесу барысында жауапты мекемелерге құжаттарды белгіленген талаптарға сәйкес жүйелеп, мерзімінде архивке тапсыру қажеттігі түсіндірілді. Сонымен қатар архив қорын толықтыру – тарихи мұраны сақтау мен азаматтардың құқықтық мүдделерін қорғаудың маңызды кепілі екені атап өтілді.
Жиын қорытындысында мекеме басшыларына құжат айналымын ретке келтіру, архивке тапсыру жұмыстарын күшейту және бұл бағыттағы жауапкершілікті арттыру жөнінде нақты тапсырмалар берілді.
Құбаева Нұрайлым
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/bko-syrym/press/news/details/1170678?lang=kk

Жауап қалдыру