Павлодарда «Күй-қазына» байқауы өтті

Жарияланды:

Автор:

категорияда

26–27 ақпан күндері Павлодар қаласындағы Музыкалық колледж – дарынды балаларға арналған музыкалық мектеп-интернат кешенінде І өңіраралық «Күй-қазына» атты студенттер арасындағы интеллектуалды-орындаушылық байқауы өтті.

Ұлттық күй өнерін дәріптеуді мақсат еткен байқау биыл оқу орнының «Қазақ халық аспаптары» бөлімінің 35 жылдығына арналды. Үш кезеңнен тұрған өнер сайысына Павлодар, Өскемен, Астана, Көкшетау, Қарағанды және Семей қалаларынан келген жас домбырашылар қатысып, орындаушылық шеберліктері мен теориялық білімдерін сынға салды.

Іс-шара аясында PhD докторы, К.Байсейітова атындағы Қазақ Ұлттық өнер университеті «Домбыра» кафедрасының оқытушысы Айтолқын Айтжанқызы Тоқтаған «Қос күйші – қос тағдыр: Дина мен Сейтек шығармашылығы» тақырыбында шеберлік сағатын өткізіп, Дина Нұрпейісова мен Сейтек Оразалыұлы мұрасына терең талдау жасады.

Байқау қорытындысы бойынша «Шертпе күйді үздік орындаушы» номинациясы Қарағанды қаласының «Қосбасар» командасынан Нұрмұхамед Жахановқа, «Төкпе күйді үздік орындаушы» атағы Семей қаласының «Әлқисса» командасынан Ануар Бекасылға табысталды. Рүстембек Омаров атындағы арнайы жүлде Астана қаласының «Ақжелең» командасынан Бейбарыс Бакишевке берілді.

Жалпыкомандалық есепте І орынды Павлодар қаласының «Шалқыма» командасы иеленді. ІІ орын Семей мен Астана қалаларына бұйырса, ІІІ орын Өскемен, Көкшетау және Қарағанды қалаларының командаларына берілді.

І өңіраралық «Күй-қазына» байқауы жас өнерпаздардың шығармашылық әлеуетін танытып, ұлттық күй өнерінің мәртебесін тағы бір мәрте айшықтады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/pavlodar-edu/press/news/details/1171669?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді