
Алматы қаласында өткен Н. Жаққұллаұлын еске алуға арналған республикалық ашық турнирі еліміздің әр өңірінен келген талантты жас балуандардың басын қосты. Дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан бұл жарыс – жас спортшылар үшін тәжірибе жинап, шеберлігін шыңдайтын, нағыз мықтылар сынға түсетін беделді алаң.
Турнирге қатысушылар санының көптігі мен бәсекенің жоғары деңгейі әр белдесудің тартысты өтуіне себеп болды. Осындай жауапты додада біздің ауданның намысын қорғаған жас балуандар жоғары дайындықтарын, қайсар мінездері мен жеңіске деген жігерін айқын көрсетті.
Жарыс қорытындысы бойынша:
-
🥇 Көкрекбай Нұртас — 32 кг салмақ дәрежесінде І орын
-
🥈 Шымшықбай Ердос — 46 кг салмақ дәрежесінде ІІ орын
-
🥇 Болат Нұрлыбек — +65 кг салмақ дәрежесінде І орын
Жас спортшылардың бұл жетістігі – тынымсыз еңбектің, жүйелі дайындықтың және жаттықтырушы еңбегінің нәтижесі. Команданы жарысқа дайындаған жаттықтырушы Рахманқұлов Төлебай шәкірттерінің әрқайсысына кәсіби бағыт-бағдар беріп, олардың шеберлігін шыңдауда үлкен еңбек сіңіріп келеді.
Аталған турнир жас балуандар үшін үлкен тәжірибе мектебі болды. Олар тек жүлделі орындар иеленіп қана қоймай, өз мүмкіндіктерін кеңінен танытып, болашақта бұдан да биік белестерді бағындыруға дайын екендіктерін дәлелдеді.
Бұл жеңіс – аудан спортының дамып келе жатқанының нақты көрінісі. Жас спортшыларымыз ауданның ғана емес, ел намысын қорғайтын деңгейге көтерілуге бір қадам жақындай түсті.
Жеңімпаздарымызды және олардың бапкерін шын жүректен құттықтаймыз! Алдағы жарыстарда да толағай табыстар тілейміз.
Алға, жас чемпиондар!

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-moyynkum/press/news/details/1170826?lang=kk

Жауап қалдыру