
Т.Рысқұлов атындағы трек мектебі ұжымымен Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы жобасын насихаттау және түсіндіру мақсатында арнайы кездесу ұйымдастырылды. Іс-шараға мектеп ұжымы, жас спортшылар және қызметкерлер қатысып, ел дамуы үшін маңызды құжаттың мазмұнына жан-жақты тоқталды.
Кездесу барысында жаңа конституциялық өзгерістердің негізгі бағыттары кеңінен түсіндірілді. Атап айтқанда, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктерін күшейту, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру, қоғам алдындағы жауапкершілікті арттыру мәселелері сөз болды. Сонымен қатар, әрбір азаматтың Конституцияда бекітілген құқықтарымен қатар міндеттері де бар екені атап өтіліп, заң үстемдігін қамтамасыз етудің маңыздылығы айтылды.
Жиын ашық пікір алмасу форматында өтті. Қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, ұсыныс-пікірлерін білдірді. Бұл өз кезегінде конституциялық реформалардың мәні мен маңызын тереңірек түсінуге мүмкіндік берді. Әсіресе жастар арасында құқықтық сауаттылықты арттыру, белсенді азаматтық ұстанымды қалыптастыру мәселелері қозғалды.
Іс-шараның негізгі мақсаты — жастар мен қоғам өкілдерін жаңа Конституция жобасының мазмұнымен таныстыру, реформалардың стратегиялық бағытын түсіндіру және құқықтық мәдениетті нығайту. Осындай кездесулер ел ішінде жүргізіліп жатқан жаңғыру үдерістерін қолдауға, азаматтардың саналы түрде қатысуына жол ашады.
Алдағы уақытта да Конституция жобасын түсіндіру бағытындағы ақпараттық-насихаттық жұмыстар жалғасын табатын болады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-moyynkum/press/news/details/1170842?lang=kk

Жауап қалдыру