
Фортификация (байыту) — бұл өндіру немесе қайта өңдеу процесінде тамақ өнімдеріне дәрумендерді, минералдарды және басқа да микронутриенттерді мақсатты түрде қосу процесі.
Бұл шараның негізгі мақсаты — өнімдердің биологиялық құндылығын арттыру және халықтың рационындағы қоректік заттардың тапшылығынан туындайтын аурулардың алдын алу болып табылады.
Қазіргі әлемнің кең таралған проблемасы-адамдардың диетасындағы дәрумендер мен минералдардың жетіспеушілігі, бұл халықтың денсаулығына айтарлықтай зиян келтіреді.
Көптеген елдерде, соның ішінде Қазақстанда да, дәруменді-минералды жетіспеушілік мәселесін шешу жолы — фортификация, яғни жаппай және тұрақты тұтынылатын тамақ өнімдерін жетіспейтін компоненттермен (дәрумендермен және минералды заттармен) байыту.
Бірінші кезекте балалар мен ересектердің барлық топтарына қолжетімді және күнделікті тамақтануда тұрақты қолданылатын өнімдер (ұн және нан-тоқаш өнімдері, сүт және ашыған сүт өнімдері, тұз, қант, сусындар, балалар тағамы өнімдері) байытылады.
Азық-түлікті байыту үшін тапшылығы нақты және белгілі бір аумақта кең таралған микроэлементтер қолданылады. Қазақстанда бұл — С, В тобындағы дәрумендер, фолий қышқылы, каротин, йод, темір, мырыш және кальций.
Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының аумағында сату үшін өндірілетін жоғары және бірінші сортты нан пісіретін бидай ұны құрамында темірі бар дәрумендермен, минералдармен және басқа да заттармен міндетті түрде байытылуға (фортификациялауға) жатады, ал тағамдық ас тұзы міндетті түрде йодталуы тиіс. Бұл ереже Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің м.а. 2020 жылғы 31 қазандағы № ҚР ДСМ-176/2020 «Міндетті фортификациялауға жататын тамақ өнімдерін байыту (фортификациялау) және олардың айналымы қағидаларын бекіту туралы» бұйрығымен регламенттелген.
Бүгінгі таңда тамақ өнімдерін фортификациялау — адамдағы тапшылық жағдайларының алдын алудағы тиімді шара. Мысалы, ұнды фортификациялау темір тапшылығын 52%-ға төмендетеді, нәтижесінде анемиямен сырқаттану деңгейі азаяды. Сондай-ақ, йодталған ас тұзын тұтыну адам ағзасындағы йод жетіспеушілігінің орнын толтыруға мүмкіндік береді және қалқанша безі ауруларының алдын алу болып табылады.
Астана қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті өзінің күнделікті рационында фортификацияланған өнімге артықшылық беруге шақырады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/dsek-astana/press/news/details/1170798?lang=kk

Жауап қалдыру