
Жаңа Конституцияның мазмұны мен маңызын түсіндіруге арналған кезекті жиын Төлеби ауданындағы «Балмұздақ» ЖШС-нің өндірістік алаңында өтті. Жұмысшылармен кездесуге Жалпыұлттық коалиция өкілдері – Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының және Түркістан облыстық мәслихатының депутаттары, өңірлік ақпараттық-насихаттық топтың құрамы келіп, ұжым мүшелеріне конституциялық реформалардың негізгі бағыттары мен стратегиялық мәні жан-жақты түсіндірілді.
Кездесу барысында жаңа Конституцияны қабылдауда мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртуға, билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті нығайтуға және азаматтардың құқықтарын қорғаудың тетіктерін күшейтуге басымдық берілгені айтылды. Сондай-ақ Жаңа Конституциядағы адам құқықтары мен бостандықтарын қамту, заң үстемдігін қамтамасыз ету, әлеуметтік әділеттілікті орнықтыру және қоғамның саяси белсенділігін арттыру бағытындағы нормаларға ерекше назар аударылды.
« – Реформалар мемлекет пен азамат арасындағы өзара жауапкершілікті айқындап, ашық әрі тиімді басқару қағидаттарын қалыптастыруға бағытталды. Жаңа Конституция адамға бағдарланған сипатымен, еңбек құқықтарын қорғауда нақты талаптарды бекітумен және азаматтарға берілетін әлеуметтік кепілдіктерді күшейтумен ерекшеленеді», – деді кездесуде Парламент Сенатының депутаты Әли Бектаев.
Қоғам мен заман өзгерген сайын заң да халықтық сұранысына сай жаңарып отыратыны туралы Сенат депутаты Мұрат Қадырбек те атап өтті. «- Мемлекет басшысы қолға алған реформалардың басты мақсаты – әділетті, ашық әрі халық мүддесіне қызмет ететін мемлекет қалыптастыру. Осы басымдықтар ескеріліп, жаңа Конституция жобасында адам құқықтарын қорғау кепілдіктері нақтыланып, заң үстемдігін қамтамасыз ету, мемлекеттік шешімдер қабылдауда ашықтық қағидаттарын орнықтыру мәселелеріне ерекше назар аударылды», – деді.
Кездесуде жаңа Конституция әр азаматтың еңбек ету еркіндігіне, қауіпсіз және гигиеналық талаптарға сай еңбек жағдайына, әділ еңбекақы алуға құқығы бекітілгені туралы Сенат депутаты Алишер Сатвалдиев атап өтіп, бұл норма өндіріс орындарындағы еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етудің және жұмысшылардың құқықтарын қорғаудың құқықтық негізі болып табылатынын жеткізді.
Жиында сөз алған ақпараттық-насихаттық топ жетекшісі Полат Тұрсынбаев Жаңа Конституцияның мәніне тоқталып, Негізгі заңымыз еңбек адамының құқығын қорғайтын, әлеуметтік әділеттілікті нығайтатын және мемлекет пен азамат арасындағы жауапкершілікті айқындайтын маңызды құжат екеніне баса мән берді. Әрбір жұмысшының қауіпсіз еңбек етуі, лайықты жалақы алуы және әлеуметтік қорғалуы Негізгі заңмен бекітілген кепілдік екеніне тоқталды.
Аймақтағы азық-түлік өндірісіне өз үлесін қосып отырған кәсіпорын ұжымы ел дамуына қатысты маңызды бастамаларды белсенді қолдайтындықтарын айтты.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-otyrar-shilik/press/news/details/1171287?lang=kk

Жауап қалдыру