
Құрметті Мақтаарал ауданы тұрғындары!
Сіздерді 1 наурыз – Алғыс айту күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Бұл мереке – халқымыздың бірлігі мен татулығын, кеңпейілдігі мен мейірімін айшықтайтын ерекше күн. Алғыс айту күні – қиын-қыстау кезеңдерде бір-біріне сүйеу болған, ортақ мақсат жолында жұмыла білген елдің ынтымағын дәріптейтін тағылымды мереке.
Бүгінде ауданымыздың өсіп-өркендеуі – сіздердің табанды еңбектеріңіздің, туған жерге деген жанашырлықтарыңыз бен жауапкершіліктеріңіздің нәтижесі. Ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, білім, денсаулық сақтау, мәдениет пен спорт салаларында аянбай еңбек етіп жүрген барша азаматтарға шынайы алғысымды білдіремін. Әр отбасының берекесі мен бірлігі – ауданымыздың тұрақтылығының негізі.
Біз бірге талай сынақтан өттік, талай жетістікке жеттік. Алдағы уақытта да бірлік пен өзара түсіністіктің арқасында ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуын одан әрі жандандырып, тұрғындардың өмір сапасын арттыру жолында жүйелі жұмыстар атқара береміз.
Алғыс айту күні – тек ризашылық білдіретін сәт қана емес, бұл – адамгершілік пен құрметтің, сыйластықтың мерекесі. Әрқайсымыз жүрегіміздегі жылуымызды жақындарымызға, көршілерімізге, әріптестерімізге арнай білсек, қоғамымыз одан әрі нығая түсері сөзсіз.
Осы айтулы күні баршаңызға зор денсаулық, шаңырақтарыңызға шаттық пен құт-береке, еңбектеріңізге табыс тілеймін. Тәуелсіз еліміздің тұғыры биік, келешегі кемел болсын! Бірлігіміз бекем, ынтымағымыз ырысты болсын!
Ізгі тілекпен,
Бақыт Асанов
Мақтаарал ауданының әкімі
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-maktaaral/press/news/details/1171926?lang=kk

Жауап қалдыру