
Албания астанасы Тиранада Мұхамет Малоны еске алуға арналған күрес түрлерінен өтіп жатқан халықаралық турнирде қазақстандық балуан Жәмилә Бақбергенова (-72 кг) бірінші орын алды.
Жартылай финалда тәжірибелі спортшы үндістандық Дикша Маликті 10:0 есебімен айқын басымдықпен жеңіп, финалға жолдама алды. Ал шешуші белдесуде қырғызстандық Нұрзат Нұртаевамен кездесіп, қарсыласын бірінші кезеңнің алғашқы жартысында 14:3 есебімен мерзімінен бұрын ұтты.
Осылайша, бұл жеңістің нәтижесінде Қазақстан әйелдер құрамасының қоржынына турнирдегі үшінші алтын медаль түсті.
Айта кетейік, Жәмилә Бақбергенова – әлем чемпионаттарының бірнеше дүркін жүлдегері, 2022 жылғы Азия ойындарының күміс жүлдегері және Азияның төрт дүркін чемпионы.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/sport/press/news/details/1171871?lang=kk

Жауап қалдыру