Жетісу облысы Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Талдықорған жоғары аграрлық-технологиялық колледжі студенттерімен профилактикалық кездесу өткізді. Іс-шара жастар арасында есірткіге қарсы иммунитет қалыптастыруға және заңсыз есірткі айналымына байланысты құқықбұзушылықтардың алдын алуға бағытталған жүйелі жұмыстың бір бөлігі болды.
Кездесу барысында полиция қызметкерлері тыйым салынған заттарды сақтау, тарату және тұтыну үшін заңда көзделген құқықтық жауапкершілікті жан-жақты түсіндірді. Сонымен қатар, есірткінің жасөспірімдер мен жастардың денсаулығына, психологиялық жай-күйіне және әлеуметтік болашағына тигізетін зиянына ерекше назар аударылды.
Студенттерге есірткіге қарсы бағыттағы әлеуметтік бейнероликтер көрсетіліп, олардың салдары нақты мысалдар арқылы баяндалды. Ашық диалог форматында өткен кездесу барысында қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, мамандардан нақты әрі кәсіби жауап алды.
«Біздің басты міндетіміз — қылмыстың жолын кесу ғана емес, оның алдын алу. Әрбір жас азамат есірткінің денсаулықты ғана емес, тағдырды да құрдымға жіберетінін түсінуі тиіс. Заңды құрметтеп, салауатты өмір салтын таңдаған адам өз болашағына сенімді қадам жасайды», — деп атап өтті полиция қызметкерлері.
Осындай профилактикалық кездесулер жастардың құқықтық мәдениетін арттыруға және жеке өмірі мен қоғам қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауға ықпал етеді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-zhetysu/press/news/details/1174019?lang=kk

Жауап қалдыру