
Абай облысының аумағында 3-5 наурызы аралығында «Мал ұрысы» жедел алдын алу іс-шарасы басталды. Аталған іс-шара мал ұрлығының алдын алуға, осы бағыттағы қылмыстарды анықтауға және жолын кесуге, сондай-ақ ауылдық жерлерде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған.
Іс-шара барысында полиция қызметкерлері мал шаруашылығымен айналысатын елді мекендерді, қыстақтар мен жайылымдарды, ет өнімдерін сатып алу және өткізу орындарын тексеретін болады. Сонымен қатар, мал тасымалдаумен айналысатын көлік құралдарына бақылау күшейтіліп, ветеринариялық және ілеспе құжаттардың болуы қатаң қадағаланады.
Профилактикалық шаралар аясында полиция қызметкерлері тұрғындармен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, малды қараусыз қалдырмау, түнгі уақытта бақылауды күшейту, қора-жайларды техникалық құралдармен жабдықтау және малды міндетті түрде таңбалау (биркалау) қажеттігі туралы кеңестер береді. Сондай-ақ, мал ұрлығына қатысы бар немесе бұрын осындай қылмыс жасаған тұлғаларға қатысты тексеру-алдын алу шаралары жүзеге асырылады.
Полиция қызметкерлері азаматтарды сақтық шараларын күшейтуге және күмәнді жағдайлар туындаған кезде полицияға жедел хабар беруге шақырады. Мал ұрлығы — ауыл тұрғындарының әл-ауқатына тікелей әсер ететін ауыр қылмыс екенін ескере отырып, оның алдын алу тек полицияның ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті болып табылады.
Құрметті тұрғындар!
Малдарыңызды қараусыз қалдырмауды, қора-жайлардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді және малды белгілеу талаптарын сақтауды сұраймыз. Бейтаныс адамдардың немесе күдікті көлік құралдарының әрекеттерін байқасаңыздар, дереу полицияға хабарласыңыздар. Қырағылық пен жауапкершілік — қылмыстың алдын алудың басты кепілі.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-abay/press/news/details/1174905?lang=kk

Жауап қалдыру